ҚАТЕП/КӘТЕП
ҚАТЕП / КӘТЕП – нар түйеге жүк арту немесе міну үшін салынатын ағаш әбзел түрі. Нардың өркешінің қырына тимейтіндей етіп орналастыратын бұл әзбел түйенің жонына түсетін салмақты тепе-тең бөліп тұрады. Сөйтіп, түйенің жүріп-тұруына ешқандай кедергі келтірмейді.
Құрастырмалы қатептің алдыңғы қасы. Диваев А. Несколько слов о киргизском хозяйстве // РТ (Сборник, изданный по поводу политехнической выставки. Вып.1 (СПб., 1899) атты еңбектен
Қ.-тің құрамы мынадай: екі қасы, екі жанағаштан құрастырылып, ол ауыт деп аталатын үлкен бөстек тәрізді үлкен көпшікке бекітіледі (қ. Ауыт). Дәстүрлі ортада Қ.- тің екі түрі кездеседі: бірі – құрастырмалы түрі, екіншісі – шегеленіп жасалған ыңыршақ тәрізді түрі. Екінші түрі доғаланып шабылған қастары темірмен құрсауланып бекітіледі (аттың ерінің алдыңғы және артқы қасы сияқты көрінеді). Екі қастың арасын ердің қапталы тәрізді жалпақ ағаш байланыстырып тұрады. Мұндай Қ.-тің бір кемшілігі – оның екі қасының арасын алыстатуға немесе жақындатуға болмайды, яғни түйенің өркешіне қарай икемделмейді.
Қатеп. ҚР МОМ қорынан (КП 12707)
Қ.-тің құрастырмалы түрінің ерекшелігі қолдануға аса қолайлы болып келетіндігінде. Оның алдыңғы қасы өзара түйісіп келетін доғаланып шабылған екі бөліктен тұрады. Оларды қашалып жасалған түйісетін тұсынан бір-біріне сұғындырған соң, екеуін қабаттап берік қыл немесе қайыс шыжыммен байлап тастайды.
Кейде алдыңғы қас өзгешелеу етіп те жасалады. Мысалы, ол жуандау келген ағаштан жасалса, түйіскен жеріне тесік шығарылады. Қастың екі бөлігі бір-біріне «киілген» соң оол тесікке мұрындық деп аталатын қысқалау ағаш көлденеңінен өткізіледі. Кейбір Қ.-терде алдыңғы қастың бір-екі жерінен тесіп тесіледі. Оған қастың қапталына байланатын жанағаш деп аталатын таяқтың ұшы киіліп тұрады.
Қ.-тың артқы қасы ұзындау келген жіңішке таяқтан жасалады. Он алдыңғы қаспен арада бекітілген жаңағашты сүйемелдеп тұратын міндеті бар. Қ.-тің артқы қасын Маңғыстау қазақтары саруана десе, Ә.Диваев еңбегінде ариуана деп аталған. Сөйтіп, Қ.-тің дайын болған алдыңғы және артқы қастарын екі жақ қапталына жанағаш деп аталатын бір ғана ұзын таяқ байланады. Ұзындығы жарты құлаштан астам болатын жанағаштың орта тұсы дөңестеу келген ағаш таңдалады. Оның мәні түйенің қапталына батпайды деп есептеледі.
Құрастырмалы Қ.-тің алмалы-салмалы қасы мен жанағашы оны түйе өркешінің ауқымына сәйкес үйлестіріп орнықтыруға мүмкіндік береді.
Құрастырмалы қатептің құрылысы:
а – қатептің алдыңғы қасы; ә - жанағашы; б- қатептің артқы қасы немесе саруана (ариуана); в – құйысқаны; г – ауыт.
Диваев А. Несколько слов о киргизском хозяйстве // РТ (Сборник, изданный по поводу политехнической выставки.
Вып.1 (СПб., 1899) атты еңбектен
Қ.-тің алдыңғы және артқы қасын арнайы тесіп, оған жанағаш өткізіледі. Оны садақ деп те атайды. Садақты бұйда, қамшы т. б. дорба ноқталарын ілуге пайдаланады. Түйенің қамшылар жағындағы жанағашынан төс арқанның ұшын байлап, оны төсінің астынан өткізіп мықтап бекітеді.
Қатеп: а – қатептің алдынан қарағанда; ә - артқы жағынан қарағанда. Диваев А. Несколько слов о киргизском хозяйстве // РТ (Сборник, изданный по поводу политехнической выставки. Вып.1 (СПб., 1899) атты еңбектен
К.-тің астыңғы жағына түйенің арқасына батпау үшін арнайы киізден жасалған жабу жабылады немесе ішіне шөп салынған ауыт төселеді. Ауыт кенеп, тері немесе киізден жасалады, ішіне селеу, қоға немесе шөп толтырылады. Ол Қ.-тен сәл үлкен етіп жасалса қолдануға ыңғайлы деп саналады. Өйткені ол қатепке бекітіледі. Осылай түйенің жонына салынатын Қ. астындағы ауытқа тігіледі.
Қазақ этнография көптеген салалары бойынша құнды еңбектер жариялаған Ә.Диваевтың мақаласында Қ.-тің артқы қасына жалғастыра құйырықтың астына кіріп тұратын құйысқан деп аталатын бөлігі болатындығы айтылады. Ол нардың жонындағы Қ.-тің мойнына қарай кетіп қалмауын қамтамасыз ететін тетік болып табылады. Қ.-тің нардың жонына салғанда оның екі жағынан екі киіз жабылады: алдыңғы жағынан жіңішкелеу келген киізбен орайды да, ал өркештің артқы жағына үлкендеу киізбен орап, ұшындағы бауымен байлап тастайды.
Қатептің астына салынатын жабу:
а – нардың өркешінің алдына жабылатын жабу, ә – өркештің артқы жағына жабылатын жабу.
Диваев А. Несколько слов о киргизском хозяйстве // РТ (Сборник, изданный по поводу политехнической выставки. Вып.1
(СПб., 1899) атты еңбектен
Адам міну үшін Қ.-тің үстіне көпшік, көрпе салады. Жүк артса екі қапталына бөліп салады. Ауыт қом орнына жүреді және үстіне тең теңдейді. Нар түйенің үстіндегі Қ.-ке киіз үйдің ағаш қаңқасын теңдемейді, өйткені үйлеспейді деп есептелінеді. Сондықтан оны қомдаған түйеге артады (қ. Қом).
Кәтеп салынған нар түйелер. ҚР МОМ қорынан (ФКП 1505)
«Қатепті қара нар» деген тұрақты сөз орамы ақындар поэзиясының сөз қолданысында жиі кездеседі:
Қатепті қара нар еді
Екі талай болғанда
Қатебіне ауыз салатын
немесе
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған
Қатепті қара нар керек
Біздің бүйткен бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске.
Кәтепті құрастыру жолы. Жаңаөзен музейі қорынан, 2008 ж.
ОМЭЭ материалдарынан
Қатепті қара нар тіркесінің мәні ауыртпалыққа мойымайтын, ауыр жүк артқан нар тәрізді қайсар дегенді білдіреді. Ата жолына берік, көргенді жан дегенді ел арасында қатептің тұқымы деп атау да кездеседі.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»