Жаңалықтар

Атбасарда су тасқынынан зардап шеккен 200 отбасына пәтер берілді

Атбасарда су тасқынынан зардап шеккен 200 отбасына пәтер берілді
Фото: Ақмола облыстық әкімдігі 28.08.2024 17:07 301

Атбасар қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 200 адамның және су тасқыны қаупі бар аймақтағы тұрғындарға кілттер тапсырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдік мәліметінше, су тасқыны салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз деп танылған 127 отбасы үшін пәтерлер қарастырылған. Тағы 73 отбасы аудан орталығының су тасқыны қаупі бар аймағынан қоныс аударады.

Кілттерді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тапсырды.

Бүгін біз үлкен оқиғаның куәсі болдық: бірден 200 отбасы жаңа пәтер алды. Бүгінгі қуанышты оқиға - су тасқынынан зардап шеккендерге кілттерді тапсыру Конституция күнін мерекелеу қарсаңында өтетіні ерекше маңызды. Болашақта жаңа пәтерлерде тек бақытты оқиғалар болсын, - деп атап өтті өңір басшысы.

Жаңа үйлер қаланың қауіпсіз бөлігінде орналасқан. Әрлеуі бар пәтерлер, әрқайсысында сантехникалық жабдықтар мен су жылытқыштар орнатылған. Аулада балалардың ойын және воркаут-алаңдары, футбол-баскетбол алаңы орналасқан.

Комиссия шешімімен көп балалы ана Жұлдыз Сәдуақасованың тұрғын үйі одан әрі тұруға жарамсыз деп танылды. Бүгін аудан орталығының тұрғыны жаңа пәтердің кілтін алды.

Сәуір айында бір түнде менің үйім су астында қалғанда, не істерімді білмедік. Мемлекет басшысына және барлық мемлекеттік органдарға қиын жағдайда қолдау көрсеткені және жедел әрекет еткені үшін рахмет. Қазір менің қуанышымда шек жоқ. Енді менің балаларым жайлы жағдайда өмір сүретін болады, – деп бөлісті Ж.Сәдуақасова.

Естеріңізге сала кетейік, облыс бойынша да, аудан бойынша да су тасқыны салдарын жою бойынша жұмыстар белсенді жүргізілді. Атбасар қаласында биылғы көктемде 375 отбасы су тасқынынан зардап шекті.

Биыл пәтер сатып алу есебінен 38 отбасы қоныс аударды, бүгінде екі жүз пәтердің кілттері табысталды.

Сондай-ақ жыл соңына дейін 145 пәтерлік тағы екі тұрғын үйді іске қосу жоспарлануда.

Осылайша, тұрғындарды су басу аймағынан көшіру мәселесі толығымен шешілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға