Атбасарда су тасқынына қарсы шараларға бөлінген 300 млн теңге жымқырылған
Су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты ұрлаған қарақшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақмола облысының арнайы прокурорларымен 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-нің басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.
Бұл қаражат 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 отбасыны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үйлерді салуға бөлінген. Күдіктілер әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды, - делінген мәліметте.
Көрсетілген бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Екі күдікті сот санкциясымен күзетпен ұстауға, қылмысқа үшінші серіктес үйқамаққа алынды.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік – Алматы, Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғылар және банктық шоттарда 50 млн теңгеден астам ақшалай қаражат табылды. Тыйым салынған мүліктің бағаланған құндылығы 335 млн теңгеден асты, - деп қосты прокуратура.
Прокурорлар бұл мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, қылмыстық пайда түскенін де анықтады.
Сол себепті, бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218 бабы 3 бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта қылмыстық процесске қатысушылармен қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр.