Жаңалықтар

Қатар Жамбыл жеріне инвестиция құюға ниетті

Қатар кәсіпкерлері екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға өзара ниет білдірді.
Қатар Жамбыл жеріне инвестиция құюға ниетті
Фото: ашық дереккөзден 16.10.2022 08:19 1869

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында инвестиция тарту мәселелері қаралды, деп хабарлайды EL.KZ әкімдікке сілтеме жасап.

Жиынға Тараз қаласының әкімі мен бірқатар облыстық басқармалардың және «Тараз» ӘКК» басшысы қатысып, олар Астанадағы Қазақстан-Қатар инвестициялық форумы алаңында өткен кездесулердің қорытындылары туралы баяндады.

Аталған форумда Жамбыл облысы мен Катар делегациясы арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа қатысты мәселелері талқыланған. Шара барысында қатарлық Metito LTD (су ресурстарын басқару жүйесінің әлемдік көшбасшысы және жеткізушісі), Baladna Q.P.S.C (ауылшаруашылық өндірістік компаниясы, сүт-тауарлы фермалардың иесі), Estithmar Holding Q.P.S.C (денсаулық сақтау және туризм салаларындағы жобаларды жүзеге асырушы) компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.

Инвесторларға агроөнеркәсіптік кешен, туризм, өнеркәсіп салаларындағы жобалар, Көне Тараздың тарихы мен мәдениетін насихаттауға бағытталған бастамалар ұсынылды. Қатар кәсіпкерлері екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға өзара ниет білдірді. Олардың тарапынан жамбылдық қолөнершілерді жақын арада Қатарда өтетін көрмеге қатысуға ұсыныс түскен.

Нұржан Нұржігітов «Тараз» ӘКК және басқарма басшыларына шетелдік инвесторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға