Атамекен – асыл ордам
Кеше «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің ашылғанына 13 жыл толды. Осыған орай мемориалдық кешен қабырғасында ақын Несіпбек Айтұлы мен сатирик Көпен Әмірбек ағалардың қатысуымен «Қазағымның алтын ұясы - Атамекен» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Қалыптасқан дәстүр бойынша аталмыш шараны «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің директоры Алма Алтыбаева ашты.
- ...Бұл өз кезегінде еліміздің көз тартарлық тарихи жерлерінен хабардар болуға септігін тигізетін кешен. «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің 13 жылдығын атап өту арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттаймыз. Кешеніміз екі түрлі бағытта жұмыс жасауда. Біріншісі қазақ халқының көшпенді өміріндегі мәдениетінің жоғары дейгейде дамығаны туралы сыр шертсе, екіншісі жаңа Қазақстанның даму жолын паш етеді. Сонымен қатар, біздің кешен мәдени-тарихи дамуға өз үлесін қосуда. Осы мерейтойға арнап, бүгін «Қазақ үйі» этно-ауылының ашылуы өтеді. Келуші қонақтар қазақтың киелі мекені – қара шаңырақ астында отырып, тынығып, ұлттық астан дәм тата алады, - дейді осы кешеннің директоры Алма Қуандыққызы.
Дөңгелек үстелдің құрметті қонағы – белгілі ақын Несіпбек Айтұлы «Атамекен» кешенінің ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы рөліне тоқтала келіп, қазақ халқының белді қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің «Сұңқар Сәкен» деп аталатын өлеңдер жинағын сыйға тартты.
С.Сейфуллин мұражайының директоры, Несіпбек Айтұлы:
- «Атамекен» деген сөздің өзі адамды тебірентетін, жүректі толғандыратын киелі сөз. Өйткені Атамекеннің ар жағында бүкіл қазақ халқының тарихы, тағдыры жатыр. Атамекен 13 жылда тәуелсіз Қазақстанның, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының кішкентай болса да, тірегі.
Сатирик, Көпен Әмірбек:
- Бірде, Талғат Мұсабаевпен сапарлас болып қалдым шетелде. Екеуміз бір қонақүйде жатырмыз. Енді не істейміз, қолымыз бос. Сосын мен: «Біздің Қазақстан қандай кең. жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұр дейді. Біздің жерге бес Франция сияды екен», - деп әңгіме бастадым. Сонда Талғат айтты: «Қанша Франция сиятынын білмейм, бірақ мен ана космоста ұшып жүргенде, Румыния, Швейцария, Норвегия және т.б. Еуропа елдерінің үстінен 10-12 секунд ішінде ұшам, ал Қазақстанның үстінен алты жарым минут бойы ұшып өтемін», - деді. Міне біздің Атамекеніміз қандай кең, осындай кең байтақ жерді сақтап қалған ата-бабамызға алғыс айтуымыз керек. Жастар соның қадірін түсінсе екен.
Шара соңында барлық қонақтарға киіз үйде сары қымыз бен қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, ән мен күйден шашу тартылды.