Жаңалықтар

Атам да, әкем де соғыс көрген

Ұлы Отан соғысы адамзат үшін өте көп қасірет әкелген. Олай дейтініміз – осы соғыс барысында миллиондаған адам қиян-кескі ұрыстарда қаза тапты.
09.02.2015 05:59 10409

Ұлы Отан соғысы адамзат үшін өте көп қасірет әкелген. Олай дейтініміз – осы соғыс барысында миллиондаған адам қиян-кескі ұрыстарда қаза тапты. Әлемді фашизмнен құтқаруға бағытталған соғыста біздің еліміз – Қазақстаннан да көптеген азаматтар қатысты. Қаншама отандастарымыз майдан даласында оққа ұшса, қаншама жерлестеріміз жараланып келді.

Атам да, әкем де соғыс көрген

Менің атам да Ұлы Отан со­ғысына қатысқан. Ардагер атам Қари Абитов әскер қатарына 1941 жылдың желтоқсан айында алыныпты. Алдымен Ташкентте пулеметшілер мен минометшілер дайындайтын училищеде оқып, соғыс өнерін үйренген. Соны бітірген соң майданнан бір-ақ шығыпты. Алғашқы ұрысқа Сталинград майданына қарасты 66-армияның 95-гвардиялық дивизиясының сапында пулемет расчетінің командирі ретінде кіріскен екен.

Қатарында менің атам Қари болған 66-армияның 95-гвар­дия­лық дивизиясы қаладағы трактор зауытын қорғапты. Тарихи деректерден білсек, Сталинград үшін болған шайқастар қиян-кескі болғандығымен ерек­ше­ленеді. Қаншама адамдар қы­рыл­ған. Әйтеуір, Волга жағасын­дағы қырғында менің атам аман қалыпты. Дегенмен, 1942 жылдың қазан айында қатты жараланады. Тез арада емделіп шыққан жауынгер өз бөліміне қайтып оралып, майдандас достарымен соғыс жо­рығын жалғастырады.

Менің атам фашистердің 6-армиясының қолбасшысы генерал-фельдмаршал Паулюстің орынбасары генерал-полковник граф Фон Штрекерді майдандас­тарымен бірге тұтқындағанын мақтанышпен айтатын еді. Менің атам Курск түбіндегі шайқасқа, Днепрден өтуге, Белоруссияны азат етуге де қатысқан. Сол Белоруссия жерінде жүргенде оны Мәскеуге оқуға алып кетіпті. Сөйтіп, жауынгер атамыз қарсы барлаудың жоғары мектебін оқып бітірген. Елге 1947 жылы ғана оралыпты. Содан, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік кауіпсіздік қызметінде еңбек етіп, подполковник шенінде зейнеткерлікке шыққан. 2003 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев менің атама «Достық» орденін табыс етті. Елге елеулі, халқына қалаулы болған құрметті атам осыдан үш жыл бұрын дүниеден озып кеткен еді. Бірақ оны қайсар келбеті менің жүрегімде сақталып қалды.

Ал, атамның баласы Берік Абитов, менің әкем – Ауғанстан соғысының ардагері. Ауғанстанға алғашқылардың бірі болып кірген кеңес жауынгерлерінің сапында болған. Ұлы Отан соғысын бастан кешкен әкесінен өнеге алған Берік әкем Отан алдындағы борышын адал атқара білді. «За отвагу»  медалі бар. Астана қаласында өтіп тұратын әскери-патриоттық шараларға үнемі қатысып жүреді. Әке мен балалы ардагерлердің ұрпағы болып жүрген біз де туған еліміз Қазақстанның бейбіт аспанын қорғау үшін қызмет ететін боламыз.

Биыл Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 70 жыл толып отыр. Бізге бейбіт өмір сыйлаған барша соғыс майдангерлерін өзімнің бауырларымның, туыстарымның және достарымның атынан осы қастерлі мереке – Жеңіс күнімен құттықтаймын. Ардагерлеріміз алтын тұғырдан түспесін деп тілеймін.


Мирас ҚАРИЕВ,

№ 28 орта мектептің 7-сынып оқушысы

материалдың түпнұсқасы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға