Жаңалықтар

Ата Заңым - айбыным!

Ата Заңым - айбыным!
Фото: ЖИ 30.08.2024 12:38 629

Дүние жүзінде 56 үздік Конституция бар, соның бірі біздің Ата Заң. Бұл біздің Ата Заңымыздың жақсы жазылғанын, халық үшін және демократиялық талаптарға сай жазылғанын білдіреді. БҰҰ-ға қарайтын Адам құқықтары жөніндегі комиссия да біздің Ата Заңға жақсы баға беріп, жақсы жағынан көрсеткен екен. Демек, Конституциямызда адам құқықтары жақы ескерілген.  Ежелгі Гректің ойшылы Солоннан біреу келіп: «Ең жақсысы Конституция қай Конституия» деп сұрапты. Сонды әлгі гректің заң шығарушысы: «Қандай халыққа және қай дәуір үшін, ең алдымен соны айтыңыз», - деп жауап беріпті. Жоғарыдағы жайттарды ескерсек, біздің Ата Заңымыз тәуелсіздік жылдары уақытында заман тынысына сай жазылған деп санаймыз.

Бүгін 30 тамыз еліміз үшін аса маңызды мерекелердің бірі – Конституция күні. Биыл Ата заңға 29 жыл толып отыр. Осы ретте Конституция жөнінде аздаған сараптап көрелік. 

Ата Заңның тарихы 

Жалпы, Қазақ мемлекетінің Ата Заңының тарихы тереңде жатыр. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғы» заңдары – қазіргі Ата Заңымыздың сүйенетін негізі, қайнар бұлағы. Алтын Орда дәуірі қоғамдық өмірді реттейтін қатаң ережелерден тұрды. Халықтың жүріс-тұрысын, қоғамдық өмірін сол ережелер бағыттады. Жазалау, құн өндіру, әділ шешім айту, қазылық ету деген қалыптасты. Одан кейін ХІХ ғасырда жазылған «Абайдың Қарамолада жазылған Ережесі» 73 баптан тұратын құқықтық құжат ретінде жоғарыда аталған Заңдардың заңды жалғасы ретінде қарастыруға әбден лайық. Себебі, ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ даласында белең алған әртүрлі дау-шарлар Абай жазған Ереже аясында қаралып, шешімін тауып отырғаны тарихтан аян.

ХХ ғасырда, нақтырақ айтқанда, Кеңес үкіметі құрамына енгеннен бері де Қазақ КСР-інің Заңы бір емес, бірнеше мәрте өзгеріп, түрленіп отырған. Тарих қойнауына көз жіберсек,Қазақстанның конституциялық құ­ры­лы­сы­ның та­ри­хын­да бес рет конс­титуция жазылып қа­был­данды (1926, 1937, 1978, 1993, 1995 жыл­дар). Олардың әрқайсысы қазақстандық мем­ле­кеттіліктің ұлттық автономиядан толық мем­лекеттік дербестікке және егемендікке дейінгі дамуының белгілі бір кезеңдерін көр­сетті. Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы қабылданып, кейінірек 1937, 1978 жылдары өзгеріс енуіне байланысты қайта қабылданып отырғанын байқаймыз. Мұның барлығы Қазақ мемлекетінің Заңының дамып, жетілу үстінде жүріп өткен жолдары болып табылады.

Азаттығын алып, жаңадан аяққа тұрып, жаһанға өзінің Тәуелсіз мемлекет екенін жариялаған Қазақстанның алдында елдік мүддені қорғайтын Заң қабылдау мәселесі тұрды. Бұл жайлы еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды.

Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», – деп жазған болатын. Осы орайда, еліміз 1993 жылы 28 қаңтарда тұңғыш Конституциямыз қабылданды.

Бұл – Республика тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі еді. Осы Конституцияның негізінде демократиялық, зайырлы қоғам қалыптастыру үшін әр салаға қатысты көптеген заңдар қабылданды.. Алайда, ол Конституция Кеңестік Заң негізінде жазылғандықтан, уақыт өте келе қоғам сұранысын қанағаттандыра алмай, реформа тереңдеп, сол кезде қабылданған кейбір заңды қайта қарап, өзгертуге тура келді. Ел игілігі мен жайлы өмір сүруі үшін бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылдың 30 тамызында қазіргі Конституциямыз қабылданды.

Бұл Ата Заң жас Қазақстанды қомақты табыстарға қол жеткізуге бастады. Заң шығару – оңай шаруа емес. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Конституцияны талқылау кезінде еліміздегі белгілі заңгерлерден бөлек, ресейлік зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері де атсалысқан.
Қазіргі кезде айтылып жүрген ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға жалпы саны 3 миллион 345 мың адам қатысыпты. Бұл да Заңның жай айтыла салған сөз немесе бірер адамның пікірі емес, ел талқысына түсіп, талдаудан өткен, еліміздің тарихында тәжірибелерден сұрыпталып өткен, шетелдік прогресшіл тәжірибелерді де қолдану барысында жазылған аса құнды құжат екенін байқатады.

Қандай өзгерістер енгізілді? 

Сөзсіз, кез келген мемлекеттің саяси бағытын, мемлекеттік құрылысын, басқару жүйесін, мемлекет ретіндегі негізгі  құндылықтарын айқындайтын басты құжат осы – Конституция! Оның әрбір бабы, әрбір тармағы, әрбір сөзі  үлген мәнге, мағынаға ие. Конституциядағы кез-келген баптың өзгеруінің өзі қоғамға, мемлекет өміріне үлкен өзгерістер әкелмек. Ал ондағы ереже-міндеттердің жүйелі орындалмауы – қоғамның дамуын тежейтін факторлардың бірі. Тіпті, мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төндіреді! Сондықтан да Ата Заң – Конституция біз үшін ең маңызды құжат! Қазақ­стан Республикасының Конституциясы егемен мемелекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан заңнамалық акт болды. Ата Заңның қабылдануы конститу­ция­лық құрылыстың саяси-құқықтық негізін қалады, мемлекеттік тетік және қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын ор­нық­тырды. Адам мен азаматтың консти­ту­циялық мәртебесін белгіледі. Конституция Қазақстан Республикасы дербес мемлекет ретінде ұлтына қарамастан онда тұратын барлық адамдардың еркіне сәйкес жасалды.

Осыдан тура екі жыл бұрын, 2022 жылы Қазақстанда референдум өтіп, Конституцияға маңызды түзетулер мен өзгерістер жасалды. Конституцияда жазылғандай, мемлекеттің ең басты құндылығы – адам. Демек, Заң да адам құқығы бұзылмай, мүддесін қорғау үшін жазылады.

Солардың бірсыпырасын тізбелер болсақ, ол әрине әуелі – «Қазақстанда Президент бір мерзімге – 7 жылға сайланады» деген өзгеріс. Бұл  Қазақстан қоғамы үшін ерекше маңызға ие өзгеріс. 30 жылға жуық уақыт ішінде мерзімді һәм мерзімінен тыс өткізілген президенттік сайлаулардың көлеңкелі тұстары туралы азаматтық қоғам ашына айтып, Халықаралық қауымдастықтардың Қазақастан мен оның билігіне күдік-күмәні көбейгені, сол себепті елімізді автократиялық басқарудағы елдер тізіміне енгізгені өтірік емес. Ал жаңа ереже – әуелі осы кеткен олқылықты түзетуге, бір адамның билікті шексіз иемденуіне һәм «узурпациялауына» тосқауыл қоятын қадам деп саналады.

Онан соң, «Жаңа Конституция» «Президент өкілеттігін азайтып, Парламенттің құқық-құзыретін арттыруды» көздейді. Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы саналатын – Парламент болса, оның қос Палатасының жұмысы тәртіпке келтірілді. «Заңды Мәжіліс қабылдап, Сенат мақұлдайтын» ереже қалыптасты.

Парламент тақырыбынан ауытқымай, Парламенттік электоралды процесске қос сайлау жүйесінің енгізілгенін атап өту керек. Бұрын Парламент сайлауы тек партиялық сайлау тәртібімен өткізіліп келсе, енді мажоритарлы жүйе арқылы сайланған (бейпартиялы) депутаттар да сайлана алатын болды.

Тағы бір айта кетерлік өзгеріс – бұл Мәжілістің 30 пайызы, облыстық мәслихаттардың 50 пайызы, аудандық мәслихаттар 100 пайыз төтелей сайлау жүйесі, яғни тікелей халықтың дауыс беруімен сайланатын болды.  
Ең ақыры – Конституциялық сот жүйесі жасақталды. Бұл процесс елдегі көптеген заңдарды жетілдіруге, сол арқылы жалпыға ортақ демократиялық игіліктерді бекітетін нормаларды жетілдіруге мүмкіндік артты. Тағы бір қоса кетерлігі – жергілікті өңірлердегі әкімдердің сайлануы. Аудан мен ауыл әкімдері сайлану тәртібіне ауысты. Бұл ел азаматтарының мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуына мүмкіндік ашты. Иә, қай елді алып қарасақ та, адамдардың теңқұқықтылығы, еркіндігі, азат әрі бақытты ғұмыр кешуін қамтамасыз ететін, іс-әрекеттерін құқықтық шеңберде талқыға салатын, құқықтарын айқындайтын, жеке және заңды тұлғалардың мүдделері мен меншіктерін қорғайтын Заң қабылданады. Әрбір құқықтық мемлекет ретінде біздің елімізде де әр дәуірдің өзіндік жүгін көтеретін Заң қабылданып келеді. 

Түйін: Конституция – еліміздің басты Заңы! Қазақстан Республикасы Конституциясындағы басты қағида халық билігі, заңның үстемдігі, азаматтардың теңдігі және халпы халықтың бірлігі  саналады. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда, өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақ­тауымыз біздің барлығымыздың, яғни Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгініміздің негізін қалай отырып, болаша­ғамыздың айқын болуына бастайтын шам­шырақ іспетті десек артық айтқандық бола қой­мас.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады.

"Құрметті отандастар! Баршаңызды Конституция күнімен құттықтаймын! Ата заң – мемлекеттілігіміздің берік тұғыры, еліміздің дәйекті әрі тұрақты дамуының мызғымас кепілі, – делінген мәтінде.

Сонымен қатар Президент 2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде жан-жақты демократияландыру үдерісі басталғанын, саяси жүйені жаңғыртуға жағдай жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы реформалар аясында құқық қорғау институттарының және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі көтеріліп, конституциялық сот құрылды.

Конституцияның әділ әрі берекелі қоғамның тірегі саналатын заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы рөлі нығая түсті. Азаматтардың негізгі заңымызды құрметтеп, оның талаптарын бұлжытпай орындауы – нағыз отаншылдықтың және жоғары жауапкершіліктің айқын көрінісі. Біз Конституцияда бекітілген қастерлі құндылықтарға сүйене отырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды бірге құратынымызға кәміл сенемін, – делінген құттықтауда.

Президент сөз соңында әр шаңыраққа бақ-береке мен табыс тіледі.

Иә, кез келген демократиялық мемлекет­тің таңдаған өркенитетті бағыты бойынша дамуына ықпал ететін заңды іргетасы – Конституциясының болуы міндетті және онда айтылғандарды бұлжытпастан орындау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Дүние жү­зін­дегі елдердің бар­лығында мемлекеттік басқару тетігі Конс­титуция негізін­де және соның ая­сын­да жұмыс істейді. Бұл кез келген құ­қық­тық мемлекеттің басты өмір­лік нор­ма­сы бо­лып табылады. Елдің саяси, эко­но­ми­калық және әлеу­меттік тұ­рақтылығы негізінен Ата Заңның тұрақ­ты­лығы негі­зінде дұрыс жұмыс істеуіне бай­ланысты. Конституция адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалатын маңызды құжат. Конституцияның негізгі қағидасы ретінде “адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін жаралған” деген тұжырымға келеміз. Дүние­жүзілік тәжірибеде көрсетілгендей, басты бай­лық ретіндегі адамға деген сыйластық, жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы, қоғам да­муының айқын көрінісі. Сондықтан азамат­тардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі алдыңғы орындарда тұруы қажет.

Қасиетті тәуелсіздігімізді мәңгілік ету үшін жоғарыда аталған қастерлі ұстанымдардан айнымауымыз керек. Сонда ғана еліміздің жарқын болашаққа бет алған даму бағдары анық болады!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға