Жаңалықтар

Атақты Қордай батыр

Атақты Қордай батыр
28.05.2014 11:52 23237

«Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы әр азаматтың бойына сенім, ізденімпаздық пен жігер, жауапкершілік жүктеп, тарихымыз мен мәдениетімізді ардақтауға жол сілтеді. Осы жолдау аясында елімізде көптеген шаралар да ұйымдастырылды. Бұл шаралардың мақсаты – жастарға еліміздің тірегі, мемлекетіміздің беріктігі өз қолымызда екенін түсіндіру.  

Елдік асылымыз ретінде қастерленуге лайық «Мәңгілік ел» идеясы тарихтан жеткен ұғым.  Мәңгілік ел  - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі аңсаған асыл армандарының бірі деп санаймын.

Қазақ халқының бүгінгі күні алатын орнын, оның болмысын жете ұғынуға талпынған адамға өз Отанының, туған жерінің әрбір оқиғасы, тарихы, мәдениеті құнды болып табылатыны сөзсіз. Осыған орай, бүгін Сіздерге ата-бабаларымыздың өткен өмірінен із қалдырған, ғасырлар қойнауынан бүгінгі күнге дейін жеткен Қордай бабамыздың жатқан жері туралы айтқым келіп отыр. Қордай батырдың өткен өмірі туралы тарихи маңызды мәліметтер беретін бұл орын атақты Қордай асуының бойында тұр. Автокөлік ағыны бір тоқтамайтын осы үлкен жолда шын ниеттерімен арнайы тоқтап, ниет қылып, тәу етіп жатқан жолаушылардың легі үзілмейді десек болады. Асудан асып бара жатқан әр жолаушы батыр бабамыздың тұсына жеткенде жылдамдықтарын тежеп, қолдарын жайып бата жасап жолдарын жалғастырады. Осы айда менің де жолым түсіп Қордай батырдың басына барып қайтқан едім.

Атақты Қордай батыр

Қордай батыр І ғасырдың аяқ кезінде өмірге келіп, ІІ ғасырдың басында өмір сүріпті. Қазіргі ескерткіш тасы тұрған жерде, атақты Қордай батыр асуындағы биік шоқыға жерленген екен. Дүлдүл ақын Кенен Әзірбаев әнге қосып жырлаған Қордайдың самал желі бұл жерде үнемі соғып тұрады. Шоқыға көтерілген сайын көкірегің ашылып, желмен бірге өзің де жеңілдегендей болады екенсің. Мұнда шықпас бұрын Қордай атаның басында шырақшы болып отырғанКенен ауылының тұрғыны Думан ағамызбен кездестік. Тоқтұров Думан ТұрсынғалиұлыҚордай атаның басында біраз жылдан бері шырақшы қызметін атқаруда.

Атақты Қордай батыр

Жоғарыға қарай көтерілуге өте ыңғайлы етіп жасалған баспалдақтармен жүре берсеңіз, алдыңыздан үлкен қақпа қарсы алады.

Атақты Қордай батыр

Шырақшының айтуы бойынша қақпаға ойыңызда жүрген тілектеріңізді айтып, ниетіңіздің орындалуын тілеп, басыңызды иіп барып кіру керек екен. Қақпаның кіреберісінде осыны дәлелдейтін жазуы бар тақта тұр. Тақтадағы жазудың сөздері көктен айтылған дейді.

Атақты Қордай батыр

Ары қарай батыр Қордай баба жатқан жерге де келдік. Қол жайып, ниет қылып құран оқылды. Атақты батырдың басына қойылған ескерткіш тас осы. Дәл осы тұста батырдың үйі болған деседі, ал кіреберіс қақпаның орнында сол көне замандарда батырдың қол астындағы сарбаздары күзеткен үлкен қақпа болыпты.

Атақты Қордай батыр

Жұмбақ сырлары көп осы шоқы басына шықсаңыз, шынында да бір ғажайып сезімде боласыз. Ал мына іздерді көріп, өз басым қатты таңқалдым. Шырақшы Думан ағаның айтуы бойынша бұл таста жатқан із Қордай батырдың ізі екен. Сол ізден сәл жоғарырақ алдындағыдан кішірек көлемдегі тағы екі аяқтың ізі тұр. Ал бұл іздер батырдың баласына тиесілі екен. Әр ізге зер салып қарасаңыз сол замандарда өмір сүрген, елін, жерін қорғап, бізге осындай бейбіт өмір сыйлаған батыр аталарымыздың кескіні көз алдыңа келгендей болады. Себебі мына іздердің көлеміне қарап отырып, сол кезеңдердегі ел қорғаған батырлардың дене бітімінің өте ірі болғанына көз жеткізесіз. Ал бұл іздер басылған мына тастардың сонау І-ІІ ғасырдан бүгінгі күнге дейін сақталып, еш жері опырылмай, сумен шайылмай тұрғаны да бір тылсым күштің куәсіндей. 

Атақты Қордай батыр

Қордай батырдың жанында сол жаққа қарай оның жұбайы болған ұлы анамыз Мақпуза жатыр екен. Одан әріректе батырдың сарбаздарының бейіттері тұр. Кішігірім ауыл осы жерге жиналған секілді.

Атақты Қордай батыр

Батырдың жатқан жерінен ары қарай солтүстік жақ бетінде, екінші қырда 100 метрдей қашықтықта Қордай бабамыздың екінші жұбайы Алтыншаштың жатқан жері бар екен. Алтыншаш Бибі ана өмірге алты ұл алып келген дейді.

Атақты Қордай батыр

Ең үлкен ұлы Атығай батыр өте ержүрек, жылдамдығына көз ілеспейтін, өте қарулы, қайратты, таймас қайсар батыр болып, мың басын басқарыпты. Айналасы қашанда батырларға толған, ал бауырлары өзіне үзеңгілес болыпты. Білектің күшімен талай жауды жолынан қайтарады.Ал 2013 жылдың 30 сәуір күні Алтыншаш Бибі ана мен ұлы Атығай батырдың жатқан жерлеріне қоршау орнатып, бастарына тастан қашалған ескерткіш орнатып, құран бағыштап, ас беріліпті.

Атақты Қордай батыр

Қазіргі шырақшының үйі тұрған жерден шығысқа қарай тағы бір бейіт тұр. Бұл бейіт Қордай батырдың бұрынғы шырақшысының бейіті екен. Бірақ өкінішке орай аты-жөні белгісіз қалыпты. Кезінде қызылдардың қолынан қаза тапқан деседі. Сонымен бірге батырдың төңірегінде туған-туысқандары жерленген дейді. Бұл тұста ашылмаған сырлар әлі көп сияқты.

Мені қатты таңқалдырған нәрсе осы жерде қанша төбешік, қанша тас жатса, сонша құпия, сонша қасиет жатқандай. Мына бір көлемі жағынан онша үлкен емес таста да біраз қасиет бар деседі. Ол Қордай батырдың ескерткіш тасының арт жағында жатыр. «Ем тас» деп аталады екен. «Ем тасты» құшақтап, шын пейіліңмен Алладан тілеу тілесең, егер оның рақымшылығы түссе бойыңдағы жабысқан кеселден арыласың дейді. «Ем тасқа» әрдайым Алланың нұры құйылып тұратын қасиеті бар екен. Жолыңыз түсіп Қордай батырдың ескерткіш тасы қойылған жерге барып қалсаңыз, осыған көңіліңізді аударсаңыз еш артықшылығы болмайтыны сөзсіз. Бізде осы тасқа басымызды иіп, ниет еттік. Ал оның жанына ілінген жазудағы сөздер көктен түскен деседі. 

Атақты Қордай батыр

Мына бір пішіні өте ерекше болып келген тас та еріксіз назарыңды аударады. Шырақшы ағаның айтуына қарағанда мына бір қуыстан талай адам кіріп арғы бетінен кейбіреуі шықса, кейбіреуі өте алмай қалыпты. Оларды күшпен зорға суырып алған көрінеді. Адам бойындағы тазалығына қарай, ниетіне қарай, көңілінің пәктігіне қарай тастың арғы шетінен шыға алады екен. Ал кейбіреулерде керісінше жағдайлар да орын алыпты.

Атақты Қордай батыр

Сонымен бірге Қордай батыр бабамыздың қыран құсы мен еліктері болған екен. Анда-санда екеуі де сол маңнан көрініп қалады деседі. Осыған орай батырдың жатқан жеріне қыран бүркіт пен екі еліктің мүсіні орнатылыпты. Алтын түстес болып жасалған бұл мүсіндер бір жағынан ұлы батырдың өткен өмірінен бір сыр шертсе, екінші жағынан осы төңірекке сән беріп, өз орындарын тауып, үйлесіп тұр екен.

Атақты Қордай батыр

Ал мына еліктер тіпті әдемі. Көздеріне қарасаң оларда да біраз сыр жатқандай. Осында келіп жатқан адамдардың көбі бірінші осы еліктердің қасына келіп қызықтап, суретке түсіп жатады екен.

Ал солар Қордай атамыздың қыран құсы мен еліктері болған деген аңызды біле ме, олардың көкейінде осы еліктердің мүсіні мына Қордай асуына неліктен қойылды екен деген сұрақ туындады ма екен деген ойда болдым. Өз басым мұндағы әр мүсіннің, әр төмпешіктің, әр тастың, әр топырақ түйіршігінің қасиеті бар екеніне көзім жеткендей болды.

Атақты Қордай батыр

Елі мен жері үшін, келешек ұрпағының болашағы үшін тер төгіп, кескілескен шайқаста басын тіккен батырларымыз қазақ халқында өте көп. Сол қасиетті батыр аталарымыздың бірегейі, артына өшпес із қалдырған осы Қордай батыр болған десек артық айтқандық болмас. Оның атында білдей аудан орталығы, орталық ауыл, Кенен Әзірбаев ауылында бір көше, атақты асу бар. Бұлар мыңдаған жылдар өтсе де батыр атының өшпейтініне бірден бір дәлел іспеттес.

Елбасы өз жолдауында: «Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары ерік-жігер мен еңбек сүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын. Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», – деген еді. Ал біз туып-өскен жеріміздің тарихын, мәдениетін айтқымыз келсе, ұлы тарихтың иесі деуге тұрарлық Қордай батырды аузымызға алатынымыз сөзсіз. Содан кейін басқа да батырларымыз, шешендеріміз, ақын-жазушыларымыз, әнші мен күйшілеріміз туралы айта береміз. Осындай көне заман мұраларының біздің күнге дейін жетіп, сол күйінде сақталып тұрғаны бізді қуантады. Мұндай мұралар өскелең жастар мен келер ұрпаққа да бағасыз, қол жетпес дүние екені анық.

Әсем Жарымбекова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға