Жаңалықтар

Ат үстіндегі адуынды ойын

Бабаларымыз даланың серісі атанған бөріні, яғни қасқырды көкпарға тартқан ба?
Ат үстіндегі адуынды ойын
30.04.2019 11:12 8705

Жуырда Алматы облысы, Талғар  ауданының Байсерке Агро атшабарында ұлттық ойындарымыз көкпар, теңге ілу, аударыспақтан жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Жастар арасындағы І Азия ашық чемпионатына Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Ауғанстан, Венгрия қатарлы 11 елден 200-ге тарта аттың құлағында ойнайтын сайыскерлер келді. Ұлттық спортымыз, төл өнеріміз болғандықтан сайыстың қай түрі болмасын бас бәйгені талассыз алатынымыз сөзсіз болған. Расында да тартысқа толы Азия чемпионатының қорытындысы осылай өрбіді. Көкпардан да, аударыспақ, теңге ілуден де біздің жастарымыз көш басынан көрінді.

Көкпар ойынына жеті елдің жастар командасы қатысты. А тобында Моңғолия, Ресей, Қытай, Тәжікстан елінен келген жастар болса, В тобында Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан елінің көкпаршылар түсті. Тартыста сайыста финалдық тартыс қазақстан мен Моңғолия жастарының арасында өрбіді. Біздің көкпаршылар ірі есеппен ұтып, бас бәйгеге тігілген 5 миллион теңгені иеленсе, Моңғолия құрамасы І Азия ашық чемпионатының күміс жүлдегері атанып, 3 миллион теңге сыйақыға ие болды. 3-орынды Өзбекстанның жастары еншілеп, 1,5 миллион теңгемен елдеріне қайтты.

Фотода: Азия чемпиондары

Көкпардан елімізідң жастар құрамасының аға бапкері Атамекен Рүстемов шәкірттерінің жеңіске деген жігерлілік танытып, ынтымақты ойын көрсеткеніне разылығын білдірді. «Жігіттер жарады, алдын ала дайындық кезіндегі түзген жоспарымыз бойынша чемпиондық атаққа ие боламыз деп уағдаластық. Соған жету үшін барымызды салдық. Әрине, Азия чемпионатына қатысушы командалардың ішінде тегеурінді қарсылық көрсеткен командалар болды. Мәселен финалда біздің жігіттермен беріспей тартысқан Моңғолияның жастар құрамасы мықты жігіттерін алып келіпті. Команда сапындағы этникалық қазақтар да ерекше өнерлерімен көрермендерді қуантты. Біз Азияның ашық чемпионатына құраманы кімдерден  жасақтауды  наурыз айында өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатын саралап отырып жүзеге асырдық. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында өткен ел чемпионатының финалына Алматы облысының «Алатау» командасы мен Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы шығып, жамбылдықтар ел чемпионы атанды. 3-орындарды Түркістан облысының «Құлагер» мен қызылорда облысының «Сыр бойы» командалары иеленді. Біз осы чемпион атанған, жүлдегер болған командалардағы талантты жастарды, сонымен қатар, еліміздің өзге өңіріндегі командалардың сапындағы тақымы берік, қарымы күшті көкпаршыларды шақырттық. Жаттығу жиыны да ойдағыдай өтіп, шәкірттеріміз сенімді ақтай білді»,– дейді жастар құрамасының аға бапкері Атамекен Рүстемов.

Көкпарға қасқыр тартқан қазақпыз

Жалпы көкпар қазақтың қанымен сүйегіне сіңген ғұрыптық ойыны. Бірақ осы спорттық ойын түркі халықтарының көбіне тиесілі. Қырғыздар «көк бөрі» деп атап, өздерінің  ата-салтымен сабақтастыра төл өнері санап жүр. Басқа да көшпенді халықтарда көкпардың атауы өзге болғанымен, ережесі, ойын тәртібі ұқсас сайыстары бар.

Көкпардың  этимологиялық атауына байланысты  нақты байлам жоқ. Ертеректе ата-бабаларымыз төрт түлік малына тыныштық бермей, әлсін-әлсін мазасын қашырған дала бөрісі қасқырды түрлі амал-айла, шарғымен қолға түсіріп, терісін көкпар етіп тартқан деген де аңыз бар. Этнограф ғалым, зерттеуші Ә.Қалиұлының зерттеу еңбегіндегі көкпар ойынына қатысты тұжырымына сүйенсек, қазіргі күні ұлттық ойынымызға айналған көкпар ойынының түп-тамыры ежелдегі әскери жасақтың жорық алдындағы машығымен байланысады. Түркі қағандығы дәуірінде әскер бастайтын қолбасшылар жаугершілікке жарайтын жігіттерді осындай әскери машықтан өткізіп, сыннан сүрінбегендерін ғана жасаққа қосып отырған. Бертін келе замана көшімен дамып, түрлі ережелері өзгеріп көкпар әлеуметтік көпшілік ойынға айналған.

Орталық Азия халықтарында, оның ішінде,  өзбектерде «улак тартыш» деген ойындары бар. Дәл осы көкпар тартысына өте-мөте ұқсас. Тәжіктерде «бузкаши» деген ойындары да көкпармен қабысып, ереже, тәртібі сәйкеас келеді. Ауғанстанда да «бузавиш» деген ойын түрі бар. Тіпті, алыстағы  Латын Америкасындағы Аргентина елінде де көкпар ойынына ұқсайтын спорттық сайыс түрінен додалар жиі ұйымдастырылады.

Уақыт озған сайын шарты, қатысушылардың саны да, қазіргі терминмен айтқанда форматы өзгеріп отырған көкпар ойынының қазақ елінде алғаш рет тасқа басылып, қағазға таңбаланған ережесі өткен ғасырдың 50-жылдары жүзеге асты. 1949 жылы көкпар ойынын жалпыхалықтық спорт түрі ретінде таныту үшін көкпарды арнайы алаңқайда көпшіліктің тамашалауына тиімді жазық жерде өткізу туралы шешім қабылданды. Көкпар алаңында суыр, тышқан секілді аңдардың іні, темір-терсек, ағаш жаңқалары жатпауын қатаң қадағалап, көкпаршылардың бас амандығына баса назар аударылды.

Көкпар деп жалпылама атауға ие тартыстың бірнеше атауы бар. Біздің елімізде қазіргі күні кең тарағаны, жиі ұйымдастырылатыны – жаппай көкпар. Атауы айтып тұрғандай жаппай көкпарға қатысушылардың санына шектеу қойылмайды. Жас  мөлшері де сараланбайды. Үлкен-кіші, кәрі-жасы аралас-құралас көкпар тартады. Мұндайда әркім өзінің күші мен қайратына, астындағы атының мықтылығына ғана арқа сүйейді. Кім көп салым салса,  бәйгенің жүлдесі сол көкпаршыға беріледі. Жаппай көкпар түрлі астар мен тойларда жиі ұйымдастырылады. Еліміздің оңтүстік өңірі, әсіресе, Түркістан облысында жаппай көкпар тарту жиі өткізіліп, оған жүзден астам көкпаршы қатысады.

Жаппай көкпардан өзге ұтысып тарту, дода көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, тақым тартыс секілді түрлері бар.

Ұтысып тарту көкпарында екі топқа бөлінген көкпаршылардың арасынан бір-бір адам ортаға шығып тартысады. Көкпарды тақымынан сусытып алғаны жеңіліс тауып, ойын осылай өрбіп отырған.

Айналма көкпарды әр өңірде әртүрлі атайды. Кей жерлерде жергілікті халықтың сөйлеу мәнері бойынша шауып тарту деп те айтылады. Бірақ айналма мен шауып тартудың да ережесі бірдей. Ереже бойынша бір топ межелі жерге: үйге, аулаға, болмаса мекеменің алдына көкпардың серкесін топтаса тартып жеткізуі керек. Қарсы топ олардың жолына кедергі келтіріп жібермеуі шарт.

Фотода: көкпар

Мәре көкпарда да сайыскерлер екі топқа бөлініп тартысады. Мұнда арнайы нысана не болмаса қазіргідей қазандық белгіленіп, соған тастау арқылы сайысқан. Өлшеулі уақыт ішінде қай топ көп салым салады – сол жеңіске жетеді. Бүгінде осы мәре көкпар ойынының дамыған түрі додаларда қолданылып келеді.

Көкпар ойыны ұжымдық тартыста қатысушылардың ынтымағына, ауызбіршілігіне тікелей байланысты. Топтағы сайыскерлер бір-бірін ұғысып, тіл табыса алғанда ғана мерейі үстем түседі.

Соңғы жылдары ұлттық ойындарымыз, оның ішінде көкпардан қомақты жүлде тігіліп, әлемдік деңгейдегі чемпионаттар, халықаралық сайыстар ұйымдастырылып, төл өнеріміздің дамып, насихатының артуына үлкен серпіліс жасалып келеді. 2017 жылы астанамызда өткен  «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесінің аясында көкпардан да ғаламдық жарыстар ұйымдастырылды.  

Сөз басында айтқанымыздай, көкпар ойыны түркі тектес халықтардың ішінде көшпелілердің төл өнері саналады. Қырғыз елі дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырып, көшпенділердің ұлттық ойындарынан этно олимпиада деңгейіндегі дода өткізіп жүр. Бұған дейін қырғыз жерінде өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындары келесі жылы Түркия мемлекетінде ұйымдастырылады. Жалпы осы дүниежүзілік көшпенділер ойындарында халықты көп жинайтын, көрерменнің делебесін қоздырып, қиқуға бастыратын сайыс – көкпар. Көрермендер Қазақстанның көкпар құрамасы мен қырғыздың ұлақшылары (көкпаршылары) арасындағы тартысты аса қатты күтеді. Айтпақшы, былтыр Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында «үздік көкпаршы» аталымы біздің Құрманбек Тұрғанбекұлына берілді. Қазақстан ұлттық құрама командасының белді көкпаршысы Құрманбек 37 салым салып, үздіктер көшін бастап, көшпенділер ойындарының арнайы жүлдесін иеленді.     

Ат баптау – аса жауапты еңбек

Атбегілер көкпардың аты болар жылқы баласын құлын күнінен танып, ерекше күтімге алады. Шілде айында бидайға байлап, жілік майын толтырады да, баппен суытуды бастайды. Дөненінен бастап көкпарға қосады.

Жілік майын толтырудың да өзіндік әдіс-тәсілі бар. Жылқы баласының ішінен естісін, дене тұрқы мығым, омыраулы һәм шапшаң қимылдап, шиыршық атып тұратынын таңдап үйретеді. Арнайы күтімге алып жем беріп, жілік майын толтырған соң, біртіндеп жемнің мөлшерін азайтып, атты алдымен жеке сейілге шығарып, жетектеп, аунатып-қунатып етін жинайды. Одан кейін жабулап күн сайын қашықтықты ұзарта суыт жүріспен терін шығарып, іш майын қатырады. Бабына әбден енген жылқының күш-қуаты көкпар кезінде бірден байқалады. Ал дұрыс бапқа енбей, күйі келмеген жылқы семіздіктен май жұтса, арық болса, жиі сүрініп шалынысады.  

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Келестегі Атақоныс ауылында тұратын атбегі Сабыр Оразқұловтың баптаған аттары осыдан алты-жеті жыл бұрын елдің аузында жүретін. Ақ танау торы аты – Түркістан өңірінде өткен жаппай көкпарда иесінің салым салуына орай туғызып, мықтылығын дәлелдеген тұлпар.

Көкпар  ғұрыптық ойын түрі дедік. Ертеректе  құрсағына шарана бітпей пұшайман күйге түскен келіні бар үйге көкпаршылар арнайы бұрылып, көк серкені көлденең тастайтын болған. Үйдің иесі серкенің етінен кесіп алып, бала сүйе алмаған әйелге асып беру ырымын жасау үрдісі байырдан бар. Мұның бәрі де етегі қанамаған әйелге Алла бала сүюді нәсіп етсін деген тілектен туындаса керек.  

Тіпті, мұндайда кейбіреулер бата көкпар беріп, яғни өзі ешкі малын батамен көкпарға шалып, көптің тілеуін алатын да жоралғы болған. Қазақ жалпы торқалы той, топырақты өлімнен кейін берілетін аста, түрлі шараларда көкпар беріп, көпшіліктің ықыласына бөленуді үрдіске айналдырған халық.

Түркістан қаласының 1500 жылдық тойында жергілікті бір кәсіпкердің ұлттық өнерімізді ұлықтап, құрметін көрсетіп, астындағы темір тұлпар шетелдік автокөлігін көкпардың салымына тігіп жібергенін сол кездегі игі шараларды ұйымдастырушы штабты басқарған Серікбай Ибадуллаев естелігінде айтқан еді.

Кеңес Одағы кезінде ұлттық ойынымызға соншалықты көңіл бөлінбегеніне қарамастан жанкешті азаматтар ұлттық спортымызды ұлықтап, оңтүстік өңірдегі көкпаршылардан жасақталған командамыз Одақтың бес дүркін чемпмионы атанып, Тбилиси, Киев, Краснодар сынды қалалардың атшабарында ат ойнатып, еліміздің намысын қорғады.

2001 жылы астанамызда  өткен ұлттық ат спорты федерациясының ІІ съезінде көкпаршылардың қауымдастығы құрылып, жұмыстың нәтижелі болуына серпін берді.

Қайбір жылы көкпардан халықаралық «Көк бөрі» деп аталатын федерация құрылып, төрағалығына қазақтың ұлттық ойындары, төл өнеріміздің жанашыры, қоғам қайраткері  Қайрат Сатыбалды тағайындалған болатын. Осы халықаралық қауымдастықтың бекіткен ережесі бойынша көкпар тартатын алаңның ұзындығы 200 метр, ені 80 метр болып белгіленген. Алаңның екі шетінде жиектен 35 метр қашықта қазандық қойылып, екі команда қазандыққа салым салу арқылы сайысқа түсіп келеді. Команда сапында 10 ойыншы, 11 ат болуы ережеде жазылып бекітілген.

1996 жылы Алматыда ат спорты мен ұлттық ойындарды өркендетіп, дамыту мақсатында жиын өтіп, «Ат спорты түрлерінің ережесі» бекітілген болатын.  Оған дейін ойындар әр өңірде әрқилы ережемен өткізіліп келді.

Көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатын 2001 жылдан бері өткізіп келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға