Жаңалықтар

Ат үстіндегі күрестен Дүниежүзілік федерация құрылды

Ат үстіндегі күрестен Дүниежүзілік федерация құрылды
Фото: ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығы 06.07.2023 17:39 1266

Бүгін Алматы қаласында ат үстіндегі күрес (аударыспақ) Федерациясының бірінші Дүниежүзілік съезі өтті,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Съезге Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Моңғолия мемлекеті, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Венгрия мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Аталмыш жиынға қатысушылар ат үстіндегі күрестен (аударыспақ) Дүниежүзілік Федарациясының ресми құрылғаны жөнінде хабарлады. Федерацияның штаб пәтері Алматы қаласы болып бекітілді. Сондай-ақ, қатысушы мемлекет өкілдері  ат үстіндегі күрестен (аударыспақ) Дүниежүзілік Федерациясының президенті етіп ҚР «Аударыспақ» федерациясының президенті, «Аtasu Group» компаниясының басшысы Марат Жұманды сайлады.

Ат үстіндегі күрестен Дүниежүзілік федерация құрылды

Съезге арнайы қатысқан ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бұл шараның маңыздылығына тоқталды.

Бүгін еліміздің ұлттық спорт тарихындағы маңызды күндердің бірі. Ұлттық спортымыз Аударыспақ ойынын әлемдік дәрежеге көтерер сәт туды. Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия мемлекеттерімен бірлесе Аударыспақ спортын дамытып дүниежүзіне танытатын боламыз! 
Баршаңызға белгілі, келесі жылы елімізде V-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтеді. Көшпенділер ұрпағы саналатын біздер бұл шараны өте жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жіті назарында! Көшпенділер ойындарын тиісті дәрежеде өткізу мәселесінде Ұлттық спорт Қауымдастығы өзіне қарасты федерациялармен бірлесе жүйелі жұмыстарды бастап кетті. Бүгінгі Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясының құрылуы соның дәлелі деп білемін.
Осы орайда, аталмыш спорттың дамуы мен өркендеуінде тынымсыз еңбек етіп жүрген ҚР «Аударыспақ» федерациясының президенті Марат Жұман мырзаға ерекше алғысымды білдіремін!» деді Исламбек Төлеубайұлы.

Өз кезегінде ат үстіндегі күрестен (аударыспақ) Дүниежүзілік Федерациясының жаңа президенті Марат Жұман алда үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын мәлімдеді.

Ат үстіндегі күрестен Дүниежүзілік федерация құрылды

Баршамыз Алматының төрінде аса маңызды шараға жиналдық. Осы маңызды бас қосуға дәстүрлі ат спортын дәріптейтін елдерден келген өкілдерге, сондай-ақ, ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығына өз ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жиынымыз қазақ елі үшін, ұлттық спортымыз үшін тарихи күн болады. Әлемнің алпауыт бірнеше мемлекеттерімен бірлесіп ат үстіндегі күрестен Дүниежүзілік Федерациясын құру арқылы біз ұлттық спортымызды жаһанға паш етеміз деген үлкен жоспарымыз бар. Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр.  Болашақта Федерацияға мүше елдермен бірлесе аталмыш спорттың дамып, өркендеуіне күш салатын боламыз» деді Марат Қожаханұлы.

Сондай-ақ, жиын басында бірыңғай ойын ережелері бекітілді. Негізгі ережелер қазақтың ұлттық спорты аударыспақтан алынды.  Одан бөлек, спортшылардың салмақ дәрежелері қабылданып, алда өтетін жарыстардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Халықаралық ойындарды әділ өткізу мақсатында міндетті түрде VAR (бейнебақылау) қойылу міндеттелді. Жиын соңында Қырғызстан Республикасының өкілдері жаңа бекітілген бірыңғай ойын ережелері бойынша алғашқы әлем чемпионатын осы жылдың қыркүйек айында Ыстықкөлде өткізуді ұсынды. Бұл бастаманы қатысушы барлық елдер бірауыздан мақұлдады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға