Жаңалықтар

Асық ату: Астанада алғашқы ашық турнирдің чемпионы автокөлікке ие болды

Асық ату: Астанада алғашқы ашық турнирдің чемпионы автокөлікке ие болды
Фото: Астана әкімдігі 25.10.2024 16:49 1976

Асық атудан Республика күніне орай Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде алғаш рет ашық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Турнирдің финалдық кезеңіне 17 облыс, 3 мегаполистегі іріктеудің қорытындысы бойынша, 21 жастан асқан 2 мыңға жуық қатысушының арасынан 1-2 орын алған 40 спортшы ғана жолдама алды.

Осындай турнирді ұйымдастыру идеясы жарты жыл бұрын ойымызға келіп, аймақтарда іріктеу жарыстарын бастап кеттік. Асық ату – көпшіліктің жадында ауыл балаларының күнделікті ойыны ретінде сақталып қалған. Сондықтан оны ұлттық, бұқаралық деңгейге көтеру үшін, автокөлік арқылы қызығушылықты арттырсақ дейміз. Іріктеу кезеңдерінде де жүлдегерлер ақшалай сыйақымен марапатталған болатын. Алдағы жылдары дәстүрге айналдырсақ деген жоспарымыз бар. 21 жастан асқан ғана емес, жасөспірімдер санатын да қосу жоспарда бар. Себебі жас буынды қазірден үлкен додаларға дайындай беруіміз керек. Жарыс барысына тоқталатын болсақ, бәсекелестік өте жоғары. 4-5 жыл бойы ел чемпионы атанған, 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан жерлестеріміздің өзі жеңіліске ұшырады. Әділ болу үшін, арнайы камера да қойдырдық. Жаңа есімдерді шығарып, оларға мүмкіндік беру - міндетіміз, - деді «Көшпенділердің Асық спорты» халықаралық федерациясының президенті, «Respublica» партиясының Мәжілістегі депутаты Олжас Құспеков.

Нәтижесінде мыңнан оза шапқан Әнуарбек Нұржігіт JAC темір тұлпарын тізгіндесе, күміс жүлдегер Нұрлан Жомарт 1 000 000 теңге сыйақы алды. Ал қола жүлдегер Ғарышбек Құлыбек 500 000 теңге сыйақымен марапатталды. Жеңіске деген жігері үшін Жетісу облысының өкілі Қастай Манасқа арнайы кубок берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға