Жаңалықтар

Қасым Қайсенов туралы не білеміз?

Қазақстанның халық қаһарманы, атақты партизан, әрі жазушы Қасым Қайсеновтың өмірі жайында
18.02.2015 19:07 31484

Қазақстанның халық қаһарманы, атақты партизан, әрі жазушы Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуірі күні Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында, кедей шаруа семьясында туған. 

Қасым Қайсенов туралы не білеміз?

1935 жылы он жеті жасында Өскеменге келіп саяси -ағарту техникумын жұбайы Асыл екеуі бірге бітіріп, 1937 жылы семья құрған. Асыл әжеміз сол жылы небары 16 жаста болған. Ол өзінің қиын қыстау өмірін қасиетті Кереку жерінен бастаған. 1938 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеген.

1941 жылы Қасым Қайсенов Украина же­рінде партизан отрядын құру үшін жау тылына аттанады. Ол жерде Чапаев атын­да­ғы партизан құрамасының үшінші отря­дын басқарады. Одан кейін 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның За­кар­патье, Чехословакия, Румыния жерін­дегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау ты­лын­да жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Кар­пат­ты азат етуге қатысқан. Ол Киев және Пол­тава облыстарындағы партизандар қоз­ғалысын алғаш рет ұйымдастырушы­лар­дың бірі ретінде тарихта қалды. Парти­зан­дардың қалың қолын басқара отырып, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткеріп, фашистерді сан рет тізе бүктірді. Майдан даласында украин жауынгерлері Қасым ағаны бауырларындай көріп, өз аттарымен «Вася» деп атапты. Қасым аға бір естелігінде «Украина - менің екінші Ота­ным. Украиндіктер - мәңгі ұмытылмас бауырларым. Осылай ұлы украин халқын шексіз сүйіп, бауыр басып кеткен адам­мын. Әлі де шығатын, жазбақ кітаптарым да сол Украина жеріндегі жойқын айқасқа арналған. Сол үшін де өзімді украин жазу­шы­ларының бірімін деп есептеймін. Өзімді украин жазушыларының осындағы елші­сін­дей сезінемін», - деген екен.

Соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, Қазақстан Жазушылар одағында, баспа орындарында жауапты қызметтер атқарды. Қан майданда етігімен су кешкен Қасым аға­ға бейбіт өмірге бейімделу оңай­ға түс­кен жоқ. Осы ретте ағалық ақы­лын, қам­қорлығын көрсеткен Жұмағали Саин болды. Қасым аға Сәбит Мұқанов, Бауыр­жан Момышұлы, Рақымжан Қош­қар­баев, Мұқан Иманжанов, Мәлік Ғабду­лин, Әди Шәріпов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аман­жолов сынды қазақ зиялы­ла­ры­мен жақсы қарым-қатынаста болған. Май­даннан оралғаннан кейін аз уақыт Қа­зақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының ап­паратында қызмет атқарған. 1945 жыл­дың орта шенінде партия қатарына алы­нып, білімін жетілдіру үшін Лениндік курс­тың совет бөлімінде оқыған. 1945-70 жыл­дары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, Жам­был об­лысындағы Жуалы және Сверд­лов аудан­дарының атқару комитет­те­рінде төр­а­ға орынбасары ретінде соғыс­тан ке­йін­гі ауыл шаруашылығын қалпына кел­тіру науқанына белсене араласқан, 1953-­1970 жылдар аралығында Қазақ­стан Жазушылар одағында және «Жазу­шы», «Қай­нар» бас­па­ларында қызмет істе­ген.

Партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін «Жас партизандар» (1954), » Ажал аузында» ( 1959), » Жау тылындағы бала» ( 1961), » Жау тылында» (1973), » Партизан соқпақтары» ( 1978) , «Переяслав партизандары» секілді көптеген шығармалар жазды. Аталмыш туындалардан А.В.Тканко, Е.Д.Ломако, И.К.Примак тәрізді партизан отрядында бірге болған жауынгер достары жайында ыстық көңілмен әңгімелейді. Қасым кітабының тамаша бір тарауын Украин партизандарының ардақ тұтар ақсақалы, халық соғысының қаһарман басшысы, әрі ақылды, әрі қатал — генерал-майор Сидор Артемьевич Ковпакқа арнайды.


Дәурен ОМАРОВ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға