Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияға ортақ хабар тарататын телеарна құруды ұсынды

Бұл туралы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияға ортақ хабар тарататын телеарна құруды ұсынды
Фото: Ақорда 21.07.2022 13:19 2163

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияға ортақ хабар тарататын телеарна немесе сайт құруды ұсынды, деп хабарлайды El.kz

«Мемлекетаралық және этносаралық араздықты қоздыру арқылы елдерімізді алалауға және қарым-қатынастарымызға сызат түсіруге бағытталған кез келген әрекетке төтеп беру үшін бірігуіміз қажет. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымыз  аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғаны байқалады. Мүмкіндігінше, бұл үрдісті өзгерту керек. Бәлкім, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент «Орталық Азияның мәдени астанасын» жыл сайын таңдау туралы айтты.

«Осы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін Орталық Азияның салалық мекемелері мен ақпараттық агенттіктері басшыларының жиынын тұрақты түрде өткізіп отыру пайдалы болмақ. Аймақты біртұтас мәдени кеңістік ретінде көрсету мақсатымен «Орталық Азияның мәдени астанасын» жыл сайын таңдау тәжірибесін енгізген жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға