Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ отырысында сөйлеген сөзі

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ отырысында сөйлеген сөзі
Фото: Ақорда 16.09.2022 14:38 2276

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Құрметті әріптестер!

Ханымдар мен мырзалар!

Ең алдымен, Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны ежелгі Самарқанд қаласында ШЫҰ Саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және жылы шыраймен қарсы алғаны үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёевке алғыс айтқым келеді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамы тұрақты түрде кеңейіп келеді. Бұл - біздің Ұйымның халықаралық беделі мен ықпалының өсіп келе жатқанының айқын дәлелі.

Бүгінде әлем санкциялық қысым әдістері, негізгі жаһандық мәселелерді шешуде кереғар тәсілдер алдыңғы қатарға шыққан халықаралық жағдайдың күрделі шиеленіскен қауіпті кезеңіне қадам басты.

Өзара сенімнің жетіспеушілігі қазіргі заманның басты ерекшелігіне айналды.

Осындай жағдайларда өзара сенімге, тең және ашық диалогқа негізделген бірегей «Шанхай рухын» нығайту аса маңызды.

Біздің алдымызда ШЫҰ әлеуетін толық пайдалану міндеті тұр. Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру және әртүрлі саладағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту барлық қатысушы мемлекеттің мүддесіне сай келеді.

Ұйым қызметін одан әрі жетілдіріп, ШЫҰ кеңістігінде және одан тыс жерлерде негізгі үрдістерді болжау ісін күшейту маңызды.

ШЫҰ қызметі оның жарғылық құжаттарында көрсетілген негізгі қағидаттардың өзектілігін айқындады. Олар: экстремизм, терроризм, сепаратизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ішкі істерге араласпау.

Ұйымның негізгі міндеті аймақтық қауіпсіздікті нығайту болып қала береді.

Аталған өзекті салада бірлесе қызмет етуді көздейтін бұрын қабылданған құжаттарды іске асыруды жалғастыру қажет. Сондықтан қорғаныс ведомстволары мен арнайы қызметтер арасында әскери-саяси ынтымақтастықты арттыруды ұсынамын.

Осы ретте ШЫҰ-ның Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен арадағы қатынастарды нығайту маңызды рөл атқара алады.

Ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғау инфрақұрылымын құру үшін киберқылмыспен күрес мәселелерінің өзектілігі арта түседі.

Біз ШЫҰ-ны жаһандық экономикалық платформаға айналдыруымыз керек.

Біздің Ұйым адами, ресурстық және технологиялық әлеуеті бар әлемнің қарқынды дамып келе жатқан экономикасын біріктіреді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен бірін құрайды, яғни 23 триллион доллардан асады.

Бізде энергетикалық ресурстардың, көмірдің, сирек металдардың және жаңартылатын энергия көздерінің ең бай қоры бар.

Мен жоғарыда айтқандай, біздің ұйымның идеялық және институционалдық негіздерінде кереғарлық пен блоктарға бөлінушілік жоқ. Бұл ШЫҰ-ның халықаралық беделі мен танымалдығының артуына ықпал етті. Соның арқасында ұйым ең табысты бірлестікке айналды.

Сондықтан ШЫҰ үдерісіне қатысатын елдердің географиясы жылдан жылға кеңейіп келеді.

Бұл – Ұйымның жоғары сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі. Менің пікірімше, ШЫҰ қазір әлемдегі ең табысты халықаралық ұйым.

Біз тауарлардың, капиталдың, көрсетілетін қызметтер мен технологиялардың еркін айналымына кезең-кезеңмен көшу үшін ШЫҰ-дағы экономикалық ынтымақтастықты түрлі формада дамытуды қолдаймыз.

Ұйым кеңістігіндегі өсімнің қозғаушы күші - ШЫҰ аясында ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асыру.

Біздің алдымызда Ұйымның жобалық қызметін тиісті қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесі тұр.

Ол үшін бізде барлық қажетті экономикалық тетіктер, әзірленген стратегиялар, өзара іс-қимылдың егжей-тегжейлі бағдарламалары мен жоспарлары бар.

Экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары саналатын транзиттік-көлік секторы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне арнайы тоқталғым келеді.

ШЫҰ елдерінің тиімді экономикалық және көлік дәліздерін дамыту жөніндегі Ынтымақтастық тұжырымдамасының қабылдануы өзара логистикалық байланысты жақсартудағы маңызды жетістік болды.

Әңгіме «Қытай – Еуропа» бағыты және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теміржол тасымалы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелінің құрылысын салу жоспары туралы болып отыр.

Осыған орай, мен ШЫҰ-дағы серіктестерді жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын.

Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне ең қысқа жол саналатын «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының әлеуеті зор.

Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы транзиттік-көлік ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді.

Өңіріміздегі елдердің өзара байланысын қамтамасыз етуге бағытталған перспективті жобалардың жүзеге асырылуын құптаймыз.

Біз Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік бағыттарын кеңейту, «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» трансеуразиялық дәліздерін дамыту жөніндегі іс-әрекеттерді қолдаймыз.

Жалпы, біз жаңа мультимодальды көлік дәліздері мен логистикалық орталықтар ашуды және қолданыстағыларын жаңғыртуды құптаймыз.

Азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне арнайы тоқталғым келеді.

ШЫҰ мемлекеттері – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер.

Біз ШЫҰ аймағында да, одан тыс жерлерде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтуді ынталандыруымыз керек.

Мемлекеттеріміздің халықаралық азық-түлік өндірісі мен жеткізу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысуы әлемдік азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.

Сондай-ақ су ресурстарын игеру мен ұтымды пайдалануға көбірек көңіл бөлу қажет.

ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын бірлесіп әзірлеу жаһандық және өңірлік энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Біз сондай-ақ Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауды өзекті деп санаймыз.

Құрметті әріптестер!

Бәріміз ШЫҰ-ға зор үміт артамыз.

Ұйым аясындағы көпқырлы және табысты ынтымақтастығымыз мемлекеттеріміздің дамуына тың серпін беретініне сенемін.

Назарларыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға