Жаңалықтар

Асылы Осман: Қазақ Тәңірден Тәуелсіздікті ғана тіледі!

Асылы Осман: Қазақ Тәңірден Тәуелсіздікті ғана тіледі!
12.12.2019 14:38 2272

Асылы Осман алғаш қазақ жеріне келгенде, әке-шешесінің жетегіндегі үш жастағы бүлдіршін болатын. Ол ата жұртынан айрылған әкенің сағының сынғанын, баласына тіскебасар таппай, шөп басын талғажау еткен ананың шарасыздығын көрді, сондықтан Азаттықтың бағасын біледі.

«Тәуелсіздік жарияланған күні Қазақстанға меймандап келген жанымдағы түрік жігітінің жанарының жасқа шыланғанын көрдім. Оған қарап, біз де еңіреп жыладық. Дүниеде бақытқа лайықты бір халық болса, ол қазақ дер ем. Көрмеген азабы жоқ. Тентіреп жүріп, Тәңірден бір ғана тілек тіледі. Ол осы қасиетті Тәуелсіздік еді…» дейді қазақ халқының маңдайына біткен түрі бөлек болса да тілегі бір Асылы Осман.

«Желтоқсан оқиғасын ұрпақ ұмытпауы тиіс. Мәселен, Ресейде Куликова шайқасы қалай дәріптелетінін білесіз. Желтоқсан оқиғасы да солай, мен білсем, сол халық санасында серпіліс тудырған бұл оқиға туралы айтуға қорқып та, ұялып та жүргендер бар. Желтоқсан айының қазақ өмірінде, тарихында алар орны ерекше. Мен сол желтоқсан оқиғасының бел ортасында жүруім керек еді. Егер бір құрбымның сөзі болмағанда, солай болар ма еді. Жоғарғы Кеңесте жұмыс жасайтын бір құрбым айтты «Сенің түрің де бөлек, іздеушің мен жоқтаушың да жоқ. Қазір бұрымыңнан сүйреп апарып, бір арыққа лақтырып тастаса, сенің өлі-тіріңмен ешкімнің де шаруасы болмайды» деді. Сақтан деді, бірақ қайдан сақтанасың?! Мен бәрібір үйде байыз тауып отыра алмадым. Сондықтан, жастарды соққыға жығып, қынадай қырған жерлерде безілдеп жылап жүгіріп жүрдім. Олардың жандарына бара алмасақ та... барлығын өз көзімізбен көрдік, қыздардың, жігіттердің қорланғанын, таяққа жығылғанын, полицейлердің имансыздығын... одан кейін де әкімшіліктен шақырып алып, қағаз беріп, елді үгіттеді. Бәріміз де егіліп жылап жүрдік. Бірақ бұл саясат қой, енді не істейсің?! Әлі күнге дейін менің ашынатыным, неге сол уақытта қазақ зиялылары жастарға араша түсіп, сауға сұрап, басу айтпады екен?! Қай уақытта да, қандай жағдайда да үлкеннің сөзіне тоқтаған халықпыз ғой. Олар жастармен сөйлеспеді де. Сырттан қаншама темір қалпақты адамдарды топырлатып алып келіп, алаңға лап қойғызды»...

Қоғам қайраткері Асылы Османның бұл елдің санасында серпіліс тудырған Желтоқсан оқиғасы, Тәңірден тілеген бір ғана тілегі - Тәуелсіздік, ұлтты ұйыстырар мемлкеттік тіл мәселесіне байланысты сыр-сұқбатын келесі сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға