Асық ойнау білесіз бе?!
Асық ату, дұрысы асық ойыны бүгінде ауылда ғана емес, қала деңгейінде де ерекше сипат алып, қайта жаңғырып жатыр. Осы ретте "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дəстүрлi жүйесi" атты энциклопедиясынан танымдық мақала ұсынып отырмыз.
Асық ойыны – қазақы ортада ерекше кең тараған ұлттық ойынның түрі, оны көшпелі этномәдени орта тудырған төлтума өнер ретінде де бағамдауға болады. Ойынның негізгі объектісі де, құралы да – асық.
Асық және оның түрлері. Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының (артқы аяғының) орта тұсындағы асық жілік пен жіліншік арасындағы буынның қозғалысын реттеп тұратын сүйек. Арқардың асығын құлжа, кішіректеу келген түрін топай, киік асығын шүкейт, ешкінікі – ешкімек (өкіршік) деп аталады. Арқар мен құлжаның ірілеу келген асығын қолқар деп атайды.
Қой асығынан бір жарым, екі есе ірі келетін қолқар сақа орнына да жүреді. Ал шүкейт пен ешкемекті асық ойнында қолданылғанымен, ату құралы ретінде қолданыла бермейді. Есесіне шүкейтпен төрт шүкейт деп аталатын құмар ойынын ойнайды. Сиыр асығы сомпа, түйенікі сақа деп аталады. Осындай мал түрлерінің және жоғарыда аталған аңдардың асықтарын және сақаларды арнайы өңдеп, түрлі ойындарға және болжам жасау үрдісіне қолданады. Басқа малдың түрлерінің, мысалы, жылқы түлігінің Асығының пішіні аталмыш мал түліктері мен аңдардың асықтарының бітімінен өзгеше болғандықтан, ойынға қолданбайды. Ондай пішіні алабөтен асықтарды топай деп атайды.
Ойын үрдісінде асықтың әр жағының өзіндік мәні мен маңызы бар. Асық қырынан тұрғанда ойыстау беті – алшы, кері жақ жазықтау келген қыры – тәйке, ішкі қобылы – ойыс жағы – шіге (шік), сыртқы дөңес беті – бүге (бүк) деп аталады. Сондай-ақ, асықтың жілікпен ұстасып тұрған қобылы қырын омпа (оңқы), ал толарсақ пен топай сүйектермен байланысып тұрған доғал басы шомпа (шоңқы) делінеді. Асықтың бүйірлеп жартылай жантайып түскен түрін қынжы немесе жантай деп атайды.
Оң жіліктің асығын оңқай, сол жіліктікін солақай деп жіктейді. Адамдардың басым көпшілігі оңқай болып келетіндіктен, иіруге және атуға оңқай асық таңдалынады. Және оңқай Асық тың солақай Асыққа қарағанда, оң қолмен иірілетіндіктен және атылатындықтан алшы түсу ықтималдығы жоғары болып келеді. Әдетте, Асықты иіргенде тек қана алшы түссін деп иіреді. Өйткені, Асықтың барлық ойын түрлерінде алшы түскен Асық өте ұтымды деп есептелінеді. Яғни асығы алшы түскен адам белгілі бір ахуалдық басымдылыққа ие болады.
Асықтың шіге тұсының шұңқырына және алшы, тәйке жағына қорғасын құйылғандарын сақа деп атайды. Салмақты үлкен сақа жабайт, тәйке жағына қорғасын құйылған сақа көктабан деп аталынады (қ. Жабайт). Ал Асықтың бүге мен шіге және алды-артының орта тұсын белдеулете қорғасын құйылған түрін мойнақ сақа деп атайды.
Ескере кетер жайт – далада жатып қуарып қалған асықты ойынға пайдалануға болмайды. Ондай асықпен ойнаса қолға сүйел шығады-мыс. Асық ойыны көне заманнан бастау алады. Арғысы қола дәуірі, бергісі ортағасырлық кезеңдеріне жататын археологиялық ескерткіштер – молалардан Асықтардың жиі табылуы, олардың ойындық функциясынан басқа, ғұрыптық мәнінің де болғандығын айғақтайды.
Ойынның түрлері. Асық ойынына қой, арқар, құлжа сияқты жануарлардың асығы мен тайынша-торпақтың топайларынан өңделіп пайдаланылады. Үлкендер де, балалар да ойнайды. Асық ойыны барысында әсіресе, ұтыстың негізгі шарттарының бірі – асықтың алшы түсуіне айырықша мән берілді. Сондықтан алшы түсуге икемді ірі, шомбал еркек қойдың және арқар мен құлжаның асықтары, әсіресе, осы асықтардан жасалған сақалар жоғары бағаланды. Аса тиімді атыс асықтарының қатарына кеней мен топай (жылқы мен тайыншаның топайынан басқа) деп аталатын сақалардың шағын түрлері де жатқызылды. Қазақы ортада сақалар құнды бұйым ретінде ойыншылардың арасында әртүрлі айырбасқа түсіп отырды. Мысалы, бір сақа екі асыққа айырбасталды. Ал құлжаның сақасы үш асыққа тең болған деген сияқты. Ойыншылар асықтың күтіміне ерекше мән берді. Әсіресе, әртүрлі түске боялған асықтар да жоғары бағаланды. Қазақ әйелдері жүн бояғанда бояудың басыртқысына немесе қалған қалдығына асықтарды салып, сәл қайнатып бояп беретін болған.
Асық ойынының төмендегідей түрлері бар: үш табан, бүгіп алу, көн (жоң), жарып алу, сыпырмай, түртпей, тыштырмай атан, бестас, мергендік немесе шеңбер жасап ату, хан талапай, алты табан, асық қағу, қаршу, алшы, шұбырту, ұпай ұтысу, қол жоң, ат жарыстыру, қошқар соғыстыру, мұз ойнақ, иірмекіл, қақпақыл, сасыр, хан ойыны, аламан хан, асық табысу (асық жасыру), бүк-шік, төрт шүкейт, шомшы, манай және т.б.
Көрсетілген атаулар кейбір өңірде басқаша аталғанымен асық ойынының ұйымдастырылу және өрбітілу реті барлық аймақтарға бірдей деп айтуға болады. Тағы бір ескерер жайт – асық ойынының бір түрі бір өңірдің өзінде әр түрлі атаулармен де атала береді.
Осыған орай Маңғыстау қазақтары арасында этнографиялық зерттеу жүргізген Р.Карутцтың төмендегідей мәліметтерін келтіруге болады: «Әдетте, балалар әртүрлі түске боялған асықтармен ойнауды ұнатады. Қолына 6-7 асықты алады да, алақанымен және қолының сыртымен қағып ойнайды. Жерге түсіп кеткен асықтарды жинап алып, осыны бірнеше рет қайталайды». Зерттеушінің айтып отырған ойынның аты бестас деп аталады. Ал солтүстік және шығыс өңірлердегі бұл ойынның атауы – асық қаршу. Сондай-ақ, қазақы ортада әсіресе, кең тараған асық ойынының негізгі түрлерінің бірі – алшы ойынының мүлдем басқа қақпақыл, иірмекіл, манай, сасыр сияқты атауларының бар екендігін айтуға болады.
Әзірлеген: Досжан Мейірім.