«Астыртын жұмыс істейді». Тоқаев криптоинвесторларды сынады
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде екі жыл бұрын енгізілген бюджет ережелері жұмыс істемейтінін сынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елемізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болса да, бұл жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс.
Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр, - деді ол.
Президент мемлекет қаржысын рационалды әрі әділ бөлінуі керектігін баса айтты. Тіпті ауылдық округтерге дейін қамтылуы тиіс деп отыр.
Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспропорцияны ескергеніміз жөн. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобалар қаржыландырылуға тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қажеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керек. Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдеуіне және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына мүлдем жол беруге болмайды, - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы мен орындалуында Ұлттық банк пен Үкімет батыл әрі қалыптан тыс, бірақ сындарлы шешімдер қабылдауға тура келетінін айтты.
Әлемдегі экономикалық конъюнктура тез өзгеріп жатқан кезеңде таптаурын жолмен жүруге болмайды. Ол заман келмеске кетті. Демек қабылданған шешімдер күрделі сын-қатерлерге сай болуға тиіс.
Жолдауда цифрлық активтер айналымына қолданылатын тәсілдерді өзгерту қажет екенін айтқан едім. Қазір мұндай активтерді тек Астана халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болады. Алайда, сарапшылардың бағалауынша, Орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небары 5 пайызы пайдаланады. Қалғаны астыртын жұмыс істейді. Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн, - деді ол.