AstraCard – сіздің жол картаңыз
Астана қаласында қоғамдық көлікте электронды жолақы төлеу жүйесі мамыр айынан бастап кезең-кезеңмен енгізіледі. Бұл жүйе AstraPlat, ал көлік картасы – AstraCard деп аталады.
Автобус жолаушысы жол жүру ақысын төлеу үшін картаны кіреберісте орнатылған арнайы жабдық – валидаторға қосады, осы аппараттың көмегімен балансты да тексеруге болады. Электронды карталарды сатып алу және балансты толтыру үшін кезең-кезеңмен 10 кеңсе ашылмақ, 30 автомат орнатылып, 25 сату пункті іске қосылады. Болашақта аталған желі кеңейтіліп, оны төлем терминалдары жүйесімен және интернет-банкинг порталдарымен интеграциялау көзделген.
Жолаушы картаны сатып алуға үлгермеген жағдайда, автобуста жолақысын қолма-қол ақшамен төлей алады. Ол үшін жүргізуші кабинасының жанында QR-коды бар бір реттік билет беретін терминал (жүргізуші консолі) орнатылады.
Ал электронды билеттеуге астаналықтарды көбірек тарту үшін икемді тарифтік жүйе қарастырылған – автобуспен көбірек жол жүру жолаушы үшін экономикалық тұрғыдан тиімді болып шықпақ.
Сәуір айының соңында көлік карталары азаматтардың жеңілдетілген санаттарына таратылмақ. Осы мақсатта 2015 жылы тамыз айында фототіркеу ұйымдастырылып, автобуспен тегін жүретін жолаушылардың мәліметтер базасы құрылған болатын. Карталар берілетін орын мен уақыты БАҚ арқылы қосымша хабарланады.
Айта кетейік, қоғамдық көліктерде «AstraPlat» электронды жолақы төлеу жүйесін қолданысқа енгізу бір реттік жол жүру билеттердің есепке алынбауы, жолаушылар ағыны туралы мәліметтердің болмауы, қоғамдық көлік қызметкерлерінің кірісті жасыруы сияқты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, сондай-ақ, қазіргі қолайсыз төлем жүйесін жояды. Жаңа жүйе жолаушылар үшін қолма-қол ақшаны қажет етпейтінімен қолайлы болмақ.
Тұмар АСЫЛ