Жаңалықтар

Астананың іргесіндегі Қояндының бүгінгі ахуалы қалай?

Астананың іргесіндегі Қояндының бүгінгі ахуалы қалай?
Фото: © El.kz / Артем Чурсинов 28.03.2024 18:55 907

Осы аптада еліміздің бірқатар өңірін су басты. Астана қаласының маңында орналасқан Қоянды ауылының тұрғындары да еріген қар суынан зардап шекті. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ауылдағы ахуалды біліп, көктемгі тазалық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын бақылады.

Бүгінде Қоянды ауылында 25 мыңнан астам адам тұрады. Дегенмен ауыл әкімінің сөзінше, халық саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі ауыл тұрғындарының көбісі тіркеуде жоқ. 

Астананың іргесіндегі Қояндының бүгінгі ахуалы қалай?

Фото: Артем Чурсинов

Ауылда 5 мыңнан астам үй бар. Негізгі жолда орналасқан үйлерді су алмаған. Дегенмен орталықтан қашық жердегі үйлерді су басқанын байқауға болады. Тұрғындардың сөзінше, биыл қар қалың жауды, уақытылы тазартылды. Бірақ еріген қар суын ағызып жіберетін құбырлар қатып қалғандықтан, қызыл су үйлерге кіріп жатқан көрінеді.

Астананың іргесіндегі Қояндының бүгінгі ахуалы қалай?

Фото: Артем Чурсинов

Осы мәселеге байланысты Қоянды ауылының әкімі Бақытхан Сұлтанбаймен тілдестік.

Бұл жерде бірнеше фактор бар. Біріншіден, кейбір тұрғындардың үйлерінің іргетасы төмен болғандықтан су кірді. Екіншіден, 2023 жылы ауылға 16 шақырым жол салынды. Осы жол жиегіне үйлердің іргетасы төмен болуына байланысты су кіріп жатыр. Бұл құрылыс нормаларының сақталмағанынан деп санаймыз. Әкімдік ауылдағы қардың көп бөлігін шығарды. Аудан басшысы, облыс басшысы бізге төтенше жағдай қызметкерлерін жұмылдырып, суды ауыл сыртына шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі ахуалда қатты қорқатындай жағдай жоқ, - деп мәлімдеді Сұлтанбай.

Астананың іргесіндегі Қояндының бүгінгі ахуалы қалай?

Фото: Артем Чурсинов

Ауыл әкімінің сөзінше, Қоянды бас жоспарсыз салынған. Сондықтан ауылдың инфрақұрылымының дұрыс жоспарланбағанынан су басу дерегі тіркеліп отыр.

Қояндыда 180 шақырым жол, 108 көше бар. Жалпы, құрылыс бас жоспарсыз салынған. Ал бас жоспар тек 2018 жылы жасалған. 2023 жылға дейін 13 шақырымға ғана асфальт салынған. Қалған көшелерде жоқ. Алдағы уақытта көшелерге тас жол төселетін болса, құрылыс нормалары сақталмаған үйлерге де қауіп төнуі әбден мүмкін. Екінші мәселе – ауылдың іші емес, сырттан келетін су бар. Қоянды сай жерде орналасқандықтан, көктемде еріген қар суы басып қалады. Соған байланысты төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз, - деді әкім.

Астананың іргесіндегі Қояндының бүгінгі ахуалы қалай?

Фото: Артем Чурсинов

Көктемгі қар суының еруіне байланысты ауыл әкімі тұрғындар тарапынан да бұл мәселеге бейжай қарамауын сұрайды. Айтуларынша, тұрғындар үйдің ауласындағы қарды тазалаған кезде тек көшеге тас салмай, үйілген қарды арнайы полигонға шығарып тастауын өтінеді.

Астананың іргесіндегі Қояндының бүгінгі ахуалы қалай?

Фото: Артем Чурсинов

Қазір ауылда 5 мыңға жуық үй барын ескерсек, олардың әрқайсысының ауласын қардан тазалауға бюджет қаралмаған. Себебі әрбір тұрғын өзінің үй ауласына жауапты. 

Астананың іргесіндегі Қояндының бүгінгі ахуалы қалай?

Фото: Артем Чурсинов

Қоянды ауылын бақылау барысында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары ауылды қызыл судан құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқанын көрдік. Сонымен қатар ауылды қардан тазарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға