Жаңалықтар

Астананың өзбек этномәдени орталығы тәрбиелік сипатқа ие кітаптың тұсауын кесті

Астананың өзбек этномәдени орталығы тәрбиелік сипатқа ие кітаптың тұсауын кесті
Астананың өзбек этномәдени орталығы тәрбиелік сипатқа ие кітаптың тұсауын кесті
29.10.2018 11:27 2653

Астананың өзбек этномәдени орталығы тәрбиелік сипатқа ие кітаптың тұсауын кесті

27 қазан күні Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының өкілдері № 5 балалар кітапханасында Қазақстанадағы Өзбекстан жылы аясында «Тамыры бір ағайынның жылу шашқан сәлемі» тақырыбында кездесу өткізді.

Іс-шараны өзбек этномәдени орталығы мен Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ ұйымдастырды.

Кездесуге Астана қаласы өзбек этномәдени орталығынын төрағасы Шерзод Пулатов, Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Гүлбадан Мадибаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің әлеуметтік ғылымдар факультеті, «Археология және этнология» кафедрасынын профессоры Жамбыл Артықбаев, Қазақстан Республикасы өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төраға орынбасары Хасан Шарипов, ақын, әнші, сазгер, күйші, дирижер, сулетші Оспан қажы Сүлейменұлы, «Хабар» агенттігінің тілшісі, Астана қаласындағы «Зие» өзбек этномәдени орталығының жексенбілік мектеп оқытушысы Абдумалик Сарманов, сонымен қатар орталықтың «Пойтахт» шығармашылық ұжымының жетекшісі Сохиба Ғайбуллақызы қатысты.

Іс-шара барысында өзбек этномәдени орталығының жұмысы таныстырылды.  

«2007 жылы құрылған Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы он жылдан астам уақыт белсенді қызмет атқарып келеді. Өзбек орталығында Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Қамқорлық кеңесі, шығармашылық бірлестік, вокалдық және би ансамбльдері құрылған.

Жоғарыда аталған бағыттардың әрқайсысы біздің орталықтың мақсаты мен міндеттерін іске асыруға өзінің баға жетпес үлесін қосуда. Бүгінгі іс-шара Қазақстандағы Өзбекстанның жылына орайластырылып отыр. Айта кету керек, биылғы жылы Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының жұмысы бұрын-соңды болмаған белсенділікпен атқарылуда. Қазақстандағы Өзбекстан Елшілігі ұйымдастырған іс-шараларға қалтықсыз қатысып келеміз. Біздің мақсатымыз – бауырлас халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту мен нығайтуға үлес қосу.

Бүгін біз сондай-ақ «Юрагимга якин одамлар» кітабын таныстырамыз, оның авторы біздің орталықтың жанындағы «Пойтахт» шығармашылық ұжымының жетекшісі Сохиба Ғайбуллақызы. Автордың кітабы тәрбиелік сипатқа ие және жастарға өте пайдалы», – деді Ш. Пулатов.

Сонымен қатар орталықтың жұмысын таныстыру барысында өзбек ұлтының қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Орталықтың «Зие» жексенбілік мектебінің және Өнер университеті жанындағы мектептің домбыра сыныбының 7-сынып оқушысы Бекнұр Әбдіжәли Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындап, «Астана Ғунчалари» балалар би ансамблі «Уч патир» биімен көпшілікке тамаша көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар Гаухар Музаффарова мен Амира Пулатова «Қазақ тiлi», «Менің Қазақстаным» әндерін орындады.

Кездесу барысында Сохиба Ғайбуллақызының «Юрагимга якин одамлар» кітабының тұсаукесері жасалды.

Кітап туралы Ж. Артықбаев: «Бiз бiр халықпыз. Бiр қоржыннын екi бірдей қалтасындаймыз. Екі елдің арасында достық қарым-қатынасы әбден нығайған.

«Юрагимга якин одамлар» кітабы әдемi шағатай түркi тілімен жазылған, өзбекке де, қазаққа түсiнiктi кiтап. Сонымен қатар кітап қысқа хикаялар мен шынайы өмiрден алынған естеліктерге толы. Жастарға сабақ болатындай қымбат дүниелер жазылған», – деді.

Өз кезегінде іс-шараның қонағы Оспан қажы Сүлейменұлы: «Міне, бүгін сүйікті Елордамыздың төріндегі қалалық кітапxанада үлкен іс-шараның куәгері болып отырмыз. Мен осы орталықпен құрылғаннан бері қоян-қолтық араласып келемін. Екі туысқан xалықтын достығын одан әрі нығайтатын мағыналы кездесулер көп өтуде. Соның бірі – С. Ғайбуллақызы кітабының тұсаукесері.

Бүгінгі әсерлі кездесуде Ташкентте өткен студент кезім есіме түсіп отыр. Сол кезде өнерпаз жастармен көңілді кештерді көп ұйымдастырушы едік. Ән айтып, екі елдің арасындағы мәдениеттің дамуына өзімізше үлес қосатын едік», – деп әсерімен бөлісті.

Іс-шараның қорытындысында өзбек мәдениеті мен тілінің сақталуына және дамуына, Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралардың ұйымдасуына мұрындық болып жүргені үшін және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Гүлбадан Мадибаева, Жамбыл Артықбаев, Сохиба Ғайбуллақызына орталық төрағасы Ш. Пулатов Алғыс хат табыстады.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға