Жаңалықтар

Астананың этнолингвистикалық мектептері жүйелі жұмыс ерекшеліктерімен таныстырды

Астананың этнолингвистикалық мектептері жүйелі жұмыс ерекшеліктерімен таныстырды
23.01.2019 09:28 2966

Астанадағы этнолингвистикалық мектептердің жүйелі жұмысы жалғасуда. Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы және Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері елорданың этнолингвистикалық мектептерінің тыныс-тіршілігімен танысып, сабақтарына қатысып қайтты. 

Татар-башкұрт этнолингвистикалық мектебі Астана қаласының №3 орта мектебі аясында қызмет етеді. Бастауыш мектеп оқушылары жексенбілік сабақтарға қызыға қатысып, татар тілін меңгереді. Самира Тебаеваның анасы мұндай мектептердің барын естіп, қызын төрт жастан бастап әкеле бастағанын айтады.

«Менің ұлтым – татар, Ресейдің Пенза қаласынан келдім, күйеуім – қазақ. Туған жерімді қатты сағынамын. Мұндай мектептерге қатысқанда өзімді жалғыз сезінбеймін. Енді мұнда қызым оқып жүргеніне қуанып жүрмін, алғысым шексіз».

Шешен және ингуш тілдерін оқытатын этнолингвистикалық мектепте қырыққа жуық бала оқиды. Алфавит, жазу емлесі, оқу және сөйлеу мәнерін тәжірибелі ұстаздар оқытады. Бұл мектепте бір жарым жылдай оқып жүрген Хадиджа Идигова Шешен Республикасынан ата-анасымен кішкентай кезінде келгенін және мұнда оқығанды ұнататынын айтады.

Сондай-ақ, аталмыш мектеп негізінде вокал тобы және баршаға танымал хореография тобы жұмыс істейді. Мұнда қатысатын ұл балалар кавказ билері мен «лезгинканы» қызыға орындап, ерекше күйге бөленеді. Олардың би орындау барысындағы көңіл толқынын сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Вайнах» шешен-ингуш ЭМО төрағасының орынбасары Ханифа Мациеваның айтуынша, ұлтына қарамастан шешен-ингуш мектебінің хореографиясына қатысамын деушілер саны артылып жығылады.

«Өткен жылы біз халықаралық конкурстың лауреаты атандық. Үздік ансамбль ретіндегі өз жетістігімізді Астана қаласында қайта дәлелдедік», – дейді спикер.  

Неміс этнолингвистикалық мектебі №46 орта мектебі негізінде жұмыс істейді. Оның бір ерекшелігі мұнда қатысатын оқушылар неміс тілін қазақ тілімен ерекше ықыласпен оқиды. Қонақтарды ерекше безендірілген қол өнерінің нысандары да ерекше қызықтырды.

«Неміс тілін оқумен қатар, оқушылар шығармашылықпен, сурет салумен және қол өнерінің басқа түрлерімен айналысады. Бұл қол моторикасы мен шығармашылық әлеуеттің дамуына қолайлы әсер етеді.

Біз оқушылармен түрлі қайырымдылық акциялар мен концерттерге жиі қатысып тұрамыз. Балалар жексенбілік демалысқа қарамастан сабаққа белсенді түрде қатысады», - дейді неміс этнолингвистикалық мектебінің оқытушысы Татьяна Гусак..

Этнолингвистикалық мектептердің сабағына қатысу барысында тиісті ұсынымдар мен ұсыныстар берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға