Астананың барлық мектептерінде Қазақ хандығы туралы сабақ жүреді
Бүгін Астананың барлық мектептерінде (мемлекеттік, жекеменшік) Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған сабақ өтеді.
Астанада өтетін ең ауқымды шаралар 11-13 қыркүйекте өтеді. Осы ретте Астана әкімшілігі мерейтойға орай өтетін шараларға рет-ретімен тоқталып жатыр.
Астанадағы ҚР Ұлттық мұражайында Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орайластырылған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, тарихшылар мен ғалымдар қатысты. Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиналған қауымды атаулы мерекемен шын жүректен құттықтады.
– Қазақ хандығының мерейтойын тойлау елдігіміз бен бірлігіміздің одан әрі нығаюына септік жасайды. Қазақ хандығы Орта Азиядағы ең алғашқы болып құрылған спецификалық мемлекет, – деп Астана қаласы әкімінің орынбасары атап өтті.
Еске сала кетейік, бұл тарихи датаны барлық қазақстандықтар бүгіннен бастап 13 қыркүйекке дейін мерекелейді.
Елордада «Қазақ Елі» алаңында 50 киіз үй тігіліп, екі үлкен сахна, спорт алаңдары, алтыбақандар, тайқазан және т.б. орнатылды. Мерекелік шараны шамамен 10 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қызықты ойын-сауық және концерттік бағдарлама ұсынады. Еліміздің әр өңірі үздік хореографиялық ұжымдардың, ансамбльдердің, халық және эстрада өнерінің солистерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламадан басқа, көрермендер назарына «Қазақстанның ежелгі қалалары» бейнепрезентациясын, «Қазақ ұлттық киімінің тарихы арқылы халық тарихын жеткізу» атты сән фестивалін, «Сиқырлы би әлемі» би фестивалін, «Бірлігіміз жарасқан» атты Қазақстан халқы достығы концертін, «Ғасырлар үні» этно-концерті ұсынылады. Бұдан басқа, этноауылда жетім балаларға арналған экскурсия және астаналық дарынды жастардың қатысуымен концерт өткізіледі.
Аталмыш шарада қазақ күресі, арқан тарту, тоғыз құмалақ, бұқа тартыс, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Мерекелік шаралар бағдарламасына сәндік-қолданбалы өнер көрме-жәрмеңкелері, халық шеберлерінің шеберлік дәрістері енгізілді.
Барлық облыстардың ұлттық киім киген өкілдерінің шеруі үш күнге жалғасатын мерекенің көркін келтірмек. Шара 12 қыркүйекте сағат 10.00-де «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда өтпекші. Осы күні сағат 19.00-де өңірлердің ең үздік номерлері гала-концертте көрермендер назарына ұсынылады.
Әзірлеген: Досжан Мейірім