Жаңалықтар

Астаналықтар әлем чемпионы Едіге Ембердіні әуежайдан қошеметпен қарсы алды

Астаналықтар әлем чемпионы Едіге Ембердіні әуежайдан қошеметпен қарсы алды
Фото: Астана қалалық әкімдігі 27.09.2024 15:19 399

Ауыр атлетикадан Испанияда өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында топ жарған астаналық спортшы елге оралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, ауыр атлетикадан 19-27 қыркүйек күндері Испанияның Леон қаласында өткен жастар арасындағы жаһандық додада Қазақстан құрамасы сапынан 89 келідегі Едіге Емберді екінші мәрте топ жарды.

Аталған жарыста 16 салмақ дәрежесі бойынша 64 мемлекеттен 350 спортшы күш сынасты. Ал Едіге чемпион атанған 89 келіде 20 спортшы сынға түсті. Алғашқы жұлқа көтеруде жерлесіміз небәрі 5-орынға тұрақтағанымен, серпе көтеру сайысында Едіге қарсыластарынан басым түсті.

89 келіде өнер көрсетуім жарақат алу мүмкіндігін азайтады. Сондықтан 81 келіге салмақ қууды жөн деп санамадық. Әлем чемпионатындағы салмағым 85 келі болды. Қарсыластарымнан кіші болсам да, бұл чемпион атануыма еш кедергісін келтірмеді. Әрі мен үшін жақсы тәжірибе болды. Бірақ 81 келіден түпкілікті кеттім деп айта алмаймын. Алдағы ірі додаларда 81 келіде өнер көрсетемін, - деді Едіге Емберді.

Жастар арасындағы әлем чемпионы Едіге Емберді бұдан да жақсы нәтиже көрсетуіне не кедергі болғанын түсіндірді.

Әлем чемпионатына дайындық барысында білегімді жарақаттап алдым. 1-2 аптаның ішінде тезірек емдеуге тырыстым. Нәтижесінде Испания төрінде бақ сынадым. Бірақ жұлқа көтеру жаттығуында бұдан да жақсы көрсеткішті тіркеуге болар еді деген кішкене өкінішім бар.

Айта кетейік, 19 жастағы елордалық спортшы бұған дейін 2022 жылы жасөспірімдер және 2023 жылы Мексиканың Гвадалахарасында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында да қарсылас шақ келтірмеген болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға