Жаңалықтар

Астаналық жігіт досының 4 айлық сәбиіне бауырын бөліп берді

Астаналық жігіт досының 4 айлық сәбиіне бауырын бөліп берді
Фото: Жеке мұрағаттан 11.05.2023 17:43 3028

Астана қаласының тұрғыны Бекарыстан Аманжолов өзінің бауырының бір бөлігін досының кішкентай қызы Әсияға берген. Осылайша ол 4 айлық Әсияның өмірін аман алып қалды. Басында қойған диагнозы қате болып, ота сәтсіз өткен. Кейін дәрігерлер «бауыр церрозы» деген диагнозды қойған.

Кішкентай Әсияға қойылған диагноз бізге алғашқыда жұмбақ болды. Қазақстанда оның диагнозын таба алмаған. Басқа диагноз қойып, ота жасаған. Бірақ ол отаның пайдасы жоқ болып шықты. Осыдан кейін гепатологтарға көрсеттік. Сол дәрігер «бауыр церрозы» деген диагнозды қойды. Бауырды ауыстыру керек немесе оны басқа бауырмен жалғау керек деген тұжырымға келді. Дәрігер бізге мұндай диагноз қоюының себебін баланың бетінің, көзінің айналасының сарғаюымен түсіндірді. Өзіміз де сарғайып жатқанын байқай бастадық, - деді Бекарыстан.

– Қазақстанда туысы емес адамға донор болуға тыйым салынған ғой. Ота Қазақстанда жасалмағандықтан бұл тыйым сіздерге кедергі келтірмеген болар.

Біз отаны өз елімізде жасатқымыз келді. Қандай жолы бар екенін де қарастырдық. Қазақстандағы емдеу орталықтарына, Ана мен бала орталығына хабарластық. Қазақстан халқына қорына хабарластық. Денсаулық сақтау министрлігіне хат жазып көрдік. Қазақстанда жасамаған себебіміз – 6 айға толмаған, салмағы 10 келіге жетпейтін балаға бауырына ота жасалмайды екен. Оның үстіне, туыстық донор ғана жасалады. Мұндай отаны Үндістанда және Түркияда жасайды екен. Үндістанда санитарлық жағы өте төмен, басқа ауру жұқтырып аламыз ба деген қауіп болды. Белорусияда жасағымыз келді. Бірақ ол жақта тек мәйіттік донорды ғана пайдаланады екен. Түркия қаржы жағынан да, ауа райы жағынан да қолайлы болды. Сондықтан Түркия өте тиімді болды. 

Астаналық жігіт досының 4 айлық сәбиіне бауырын бөліп берді

– Сіз мұндай шешімге қалай келдіңіз? Не үшін туыстары болмады?

Басында досыммен бірге донор іздедік. Жолдас баламыз донор болуға келісімін беріп, Түркияға аттанған. Алайда бауыры денсаулық жағдайын байланысты сәйкес келмей қалды. Қан тобы бірінші, оң адам таппай жатырмыз деп ортақ чатымызға жазды. Чатта осы шартқа сәйкес келетін үш адам бар екен. Бірінші азамат жеке себептеріне байланысты бас тартты. Екінші азамат денсаулық жағдайына байланысты сәйкес келмеді. Үшінші азамат мен болдым және келісім бердім. Бойым ұзын, салмағым ауыр жігітпін. «Арықтау керек болса, арықтайын. Басқа нәрсе керек болса, оны да жасайын», дедім. Сөйтіп бел шешіп, донор болатын болдым.

– Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын донор күтіп отырған науқастардың 30%-ы көз жұмса, бауырды қажет ететін тағы 30% науқас қосылып отырады екен. Бұл дегеніміз жылда 390 науқас көз жұмып, тағы 390 науқас бауыр кезегіне тұрады деген сөз. Сіз өзіңіз бауыр доноры болуға келісу арқылы Әсияның өмірін сақтап қалдыңыз. Әлеуметтік желіде бұл әрекетіңізді ерлікке балап жатқандар бар. Өзіңіз осы шешімді қабылдар кезде қорықпадыңыз ба?

Үрей, күмән, шарасыздық, үміт пен сенім. Осының бәрі бір басмда шатысып жатты. Бірақ мұның бәрін заңдылық деп қабылдадым. Егер бір жүректің тоқтамай соғып тұруына сенің сәл ғана үлесің болса, онда оны жасау заңдылық сынды. Мені солай тәрбиелеген. Мен соны көріп өскенмін. Кеше Әсия қызымыздың беті бері қарағанын естігенде ерекше сезімде болдым. Сол жүректің соғуын өз баламның саулығын тілегендей тілейтін болдым. Ыстық. Жылы сезім. Әрине қызымыз әлі ұзақ ем алады. Бірақ жақсылықтың лебі сезіле бастады. Шүкір. Қазір үйдемін. Ем қабылдап жатырмын. Аз-маз қиындығы мен ауырлығы бар. Жұмыс жасап қалған адамға үйде жатудың өзі де бір сынақ екен. Алайда осының бәрі бекер емес екені түсінгендіктен сабыр сақтайсың. Қолымыздан келер іс болса, ешкімнің бетін қайтармауға тырысу керек . Бір адамның өмірін құтқару – адамзатты құртқарғанмен тең. Тағдырдың тауқыметіне түскен түрлі адамның бірін жырадан құлар алдын қолтықтасаңыз, сіз оған жаңа өмір сыйлаған боласыз.

Кейде донор келіскенімен әйелі немесе балалары, ата-анасы денсаулығына қатер төнгенін қаламауы мүмкін. Ондай жағдайда дәрігерлер медициналық этика бойынша науқасқа «донордың бауыры келмей қалды» деп айтады екен.

– Бәріне де түсіністікпен қарау керек секілді. Операцияға жатардың алдында менде де қорқыныш, үрей болды. Өзімнің басымды қауіпке тігіп, ота үстеліне жатқаннан кейін пайдасы тимей қалса, кішкентай қызымыз дертінен құлан таза айығып кете ме? Кейін қалай болады? Қайтсек болады? деген сұрақтар туындады. Үміт беріп тұрып, үмітінен айырылып қала ма деген.

Ал жақындарыма келетін болсақ, олар мені қолдады. Ата-анамның алдынан өткен кезде көп сұрақтар туындады. Анам қатты уайымдады. Әкем де қобалжыды. Әйелімде де қорқыныш болды. Бірақ ешқайсысы маған «мұндай қадамға барма» деп айтпады. Ота 17 сәуір күні өтуі керек болған. Бірақ маған 7 сәуір күні түнгі төртте хабарласты. Не істерімді білмей сасып қалдым. Сосын анамнан, келіншегімнен «келісейін бе?» деп сұрадым. Олар «шешінген судан тайынбас, ақыры беліңді буған екенсің» деді. 8 сәуір отаға кіріп кеттік.

Отадан кейін өзіңізді қалай сезінесіз?

– Отадан кейінгі үш күн өте ауыр болды. Өмірде адам өзін тастап жіберетін кездер болады ғой. Сондай күйге түстім.  Қазір біршама уақыт өтті. Әлі де жүріп-тұрғанда қиындықтар бар. Тамақ талғап жейсің. Дәрігерлер де жайлап қалыпты өмірге оралатынымды айтты.

Кішкентай Әсияның қазіргі жағдайы қалай?

– Әсияның жағдайы жақсарып келеді. Әзірге бауыр оның организміне сәйкес келіп тұр. Қан бойында жүріп жатыр. Тамырлардың арасында қан жүруі өте маңызды. Отадан 3 апта өткеннен кейін жақсы деп палатаға шығарды. Тағы 3 ай оңалтудан өтеді. Одан кейінгі 3 ай қадағалауда болады. Жалпы ота денсаулығын түзеуге көмектесті деп жарты жылдан кейін ғана айта аламыз. Шамамен шілде, тамыз айларында. Оған дейін қандай да бір болжам жасау мүмкін емес.

Бүгінде 4 мың қазақстандық науқас донор кезегінде тұр. Дене мүшелерін трансплантациялау медицина саласының ең ірі жетістігі саналады. Әлемнің озық мемлекеттерінде бұл ота жиі жасалады. Біздің елде де жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе трансплантациясы сәтті жүргізіліп келеді. Мамандар қайтыс болған бір адам сырқаттанған алты адамға өмір сыйлай алатынын айтады.

Донор кезегінде тұрған сырқаттардың бір жыл өмір сүру мүмкіндігі 60%-ды, екі жыл өмір сүру мүмкіндігі бар болғаны 30%-ды құрайды.

Ағза трансплантацияның екі түрлі жолы бар. Біріншісі – мәйіттік донор. Екіншісі – тірі адамның ағзасының бір бөлігін ауыстыру. Өкініштісі сол, Қазақстанда мәйіттік донор өте аз кездеседі. Мәселен, 2018 жылы бірде-бір мәйіттік донор жасалмаған.  Дәрігерлер қайтыс болған туысының ағзасын қолдануға рұқсат сұраған кезде туыстары ауыр қабылдайтынын айтады. Мәселен, Қазақстанда қазіргі таңда тек 15 адам ғана өлгеннен кейін донор болуға келісім беріп, өтініш жазған.

Айта кететін бір жайт, жаңадан жасалған eDensaulyk қосымшасында мәйіт донорлығына келісім беру-бермеу туралы батырма қосылды. Бұл мәйіттік донор проблемасын шешу мақсатында жасалып отыр. Өткен жылы бауыр алмастыруда бірде-бір мәйіттік донор қолданылмаған. Қазақстанда бауыр алмастырудың кеңінен таралған түрі – туысқандық донорлық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға