Астаналық университетке БҰҰ делегациясы келді
Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) делегациясы Азия мен Тынық мұхиты аймағының цифрлық трансформациясына арналған конференция аясында Nazarbayev University (NU) білім ордасына келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Азия-Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ESCAP) атқарушы хатшысы Армида Алишахбана бастаған делегацияны университет вице-президенті Дархан Біләлов күтіп алды. Кездесу кезінде шетелдік қонақтарға университет кампусы мен кітапханасы бойынша экскурсия өткізілді. Оларға қазіргі кезде Орталық Азияда көш бастап тұрған NU-дың құрылу тарихы, университет зертханаларында жүргізіліп жатқан соңғы ғылыми жұмыстар, сондай-ақ ғылым мен білім саласындағы елеулі жетістіктер туралы айтылды.
Айта кетейік, 2-5 қыркүйек аралығы Астанада тұрақты даму мақсаттарына тезірек жету үшін цифрлық технологияларды енгізу және трансформациялау, сондай-ақ өңірлік технологиялық бастамалар жөнінде конференция өтуде. Оны БҰҰ ESCAP Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлестікте ұйымдастырып отыр.