Жаңалықтар

Астаналық күрд этномәдени орталығы Әминаға заманауи ортопедиялық мүгедектер арбашасын тарту етті

Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл бойы «Қайырымдылық керуені» акциясын өткізбек ниетпен әрбір айға қазақтың әдет-ғұрпына сай атау бергені мәлім. «Сыбаға» деп аталатын ақпан айының алғашқы күнінде күрд этномәдени орталығы үлкен қайырымдылық іс-шарасымен бастады.
Астаналық күрд этномәдени орталығы Әминаға заманауи ортопедиялық мүгедектер арбашасын тарту етті
01.02.2019 06:38 3049

Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл бойы «Қайырымдылық керуені» акциясын өткізбек ниетпен әрбір айға қазақтың әдет-ғұрпына сай атау бергені мәлім. «Сыбаға» деп аталатын ақпан айының алғашқы күнінде күрд этномәдени орталығы үлкен қайырымдылық іс-шарасымен бастады.

Қазақ халқында сыбаға құрметті қонаққа, әулеттің үлкендеріне, жақын-жуыққа сақталатын кәделі тағам. Қазақтың салты бойынша құдайы қонақтың да сыбағасы сақталған.

Бұл дәстүр үлкен кісілерге, қарттарға, жетімдерге және науқастарға көңіл бөлуге, қолда барымен бөлісуге тәрбиелейді.

Дәстүрді жаңғыртуға атсалысып отырған Астана қаласының «Барбанг» күрд этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шамо Фатоев: «Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл басында бастаған «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық акциясының аясында Әмина Садықоваға мүгедектер арбашасын тарту еткелі жиналып отырмыз. Бұған біздің орталықтың меценаттары ұйытқы болып, көмек көрсетіп отыр», – дей келе, меценаттарға алғысын білдірді.

Астана қаласының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Нұралы Айдашев Әминаға ізгі ниетін білдіре отырып, Достық үйіндегі шығармашылық іс-шараларына қатысып отыруға шақырды.

«Астана қаласының Достық үйі әрдайым жақсылық жасалып, үйлесім мен ізгілік орнайтын жер. Елімізде көптеген қайырымдылық іс-шаралары өтіп, адамдар бір-біріне мейірім мен жан жылуын сыйлайтынын айта кету керек. Міне, күрд этномәдени орталығының өкілдері де көштен қалмай дарқандық танытып жатыр. Көмекке зәру жандарға қол ұшын созған жандардың ісі сүйсінерлік», – деді ол.

Қайырымдылық – имандылықтың белгісі. Имандылық бар жерде ізгілік әрдайым нұр шашып тұрады. Бұл ретте орталықтың Ақсақалдар алқасының атынан Исмаил Саидов қажы да көптің алдында жанашыр жандардың атынан Әминаға ноутбук пен ұялы телефон сыйлап, «Біз, Қазақстан халқы көмекке зәру жандарға қол ұшын созуға тырысуымыз керек. Адамға мәрттік жасау үшін белгілі бір күннің қажеті жоқ. Мүмкіндігімізше қам көңіл жандардың жанына дәру болатын жақсылықты жасауға аянбайық. Қайырымдылықтың сауабы мол. Бір-бірімізді сыйлап, қолдап, қорғап жүрейік», – деді.

Іс-шара барысында Әминаға заманауи технологиямен жасалған ортопедиялық мүгедектер арбашасы тарту етілді. Аталмыш арбаша арнайы тапсырыспен Мәскеуден алдырылғанын айта кету керек.

Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілі Галина Кобзева этномәдени орталықтары қайырымдылық іс-шараларын өткізу үшін концерт қойып, қолөнер бұйымдарын сатып, түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсайтынын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы бір жарым миллион сома жиналып, оны науқас баланың отасына жұмсаған. Сонымен қатар, күрд этномәдни орталығының төрағасы Шамо Фатоевтың үнемі қайырымдылыққа өзінің үлесін қосып жүретіндігін атап өтті.

Өзі қалағандай арбашаға отырған Әмина Садықова қуанышын білдіріп: «Маған қайырымдылық көрсеткен жандарға алғысым шексіз. Менің өтінішімді елеусіз қалдырмай, қысқа уақытта білек біріктіріп, бүгін маған бақыт сыйлап отырсыздар. Барлық жомарт жандарға сәттілік тілей отырып, отбасыларыңызда амандық пен тыныштық жайласын», – деді.

Қайырымдылықтың «сыбағасынан» қалыс қалмай, Астана қаласының «Лад» орыс этномәдени орталығының шығармашылық ансамбілі ән салып, Әминаға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Іс-шараның фотосуреттерін МЫНА жерден көруге болады...

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға