Жаңалықтар

АСТАНАЛЫҚ ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ ТАТАР АҚЫНЫ ҒАБДОЛЛА ТОҚАЙДЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

АСТАНАЛЫҚ ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ ТАТАР АҚЫНЫ ҒАБДОЛЛА ТОҚАЙДЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ
28.04.2019 00:00 2980

Қазақстан халқы бірлігінің мерекесі күні қарсаңында Татар-башқұрт жексенбілік мектебі Нұр-сұлтан қаласындағы Достық үйінде татар жазушысы Ғабдолла Тоқайдың құрметіне ашық сабақ өткізді.

Елордада тату-тәтті өмір сүріп жатқан жүз отыз этностың өкілдері қала тұрғындарын өздерінің мәдениетімен таныстыру үшін жиі іс-шара ұйымдастырып, жиындар өткізіп тұрады.

Қазақстан халқы бірлігінің мерекесі күні қарсаңында татар-башқұрт жексенбілік мектебі «Каюма Насыри институты» мәдени-білім беру орталығымен бірлесе отырып, түркітілдес әлемінде зор даңққа бөленген ұлы татар ақыны және жазушы Ғабдолла Тоқайдың құрметіне Нұр-Сұлтан Достық үйінде ашық сабақ өткізді.

Ғабдолла Тоқай – татар әдебиетінің тарихында ұлттық поэзияның негізін қалаған ұлы халық ақыны ретінде жазылып қалған тұлға.


 

Ақын өз шығармаларында ұлтына және дініне қарамастан барлық халықтарды достыққа, тату көршілік пен бірлікке шақырған.

Жексенбілік мектептің директоры Зухра Саяпова атап өткендей, іс-шара екі маңызды күнге арналған, бұл – ұлы татар ақыны және жазушы Ғабдолла Тоқайдың туған күні мен Қазақстан халқы бірлігінің мерекесі күні.

— Менің ойымша, мәдениетті, дәстүр мен тілді ұрпақтан-ұрпаққа қалдыру осындай іс-шаралар арқылы жүзеге асырылады. Балалардың біздің халқымыздың мұрасын танып білуге және сақтауға деген ұмтылысы – бұл ең басты үрдіс, – деді жексенбілік мектептің директоры.

Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.

— Бұл мерекені татар-башқұрт мәдени орталығы жексенбілік мектеппен бірлесіп ұйымдастырып жатқаны қуанышты жағдай. Менің ойымша, балалар Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің тарихын және өз этносының тарихын білуі тиіс, – деп, мерекенің маңызды тұсына тоқталып өтті Хатшылық меңгерушісі.

Іс-шара барысында мектеп мұғалімдері мен оқушылары, сондай-ақ орталықтың шығармашылық ұжымдары ақынның өмірбаянынан үзік сыр шертіп, жан толғаныстарын жеткізді.

Ашық сабақтың жарқын да жайдарлы тұсы – «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының «Дуслық» вокалдық ансамблінің көрерменге тарту еткен тамаша көрінісі. Этномәдени бірлестік мүшелері естіген құлақтың құрышын қандыратын әндерді шырқап, көрген көзді арбайтын ұлттық билерін биледі.

Мазмұнды концерттік бағдарлама соңында қонақтар жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.

Естеріңізге сала кетейік, Ғабдолла Тоқай 1886 жылы туған татар халқының ақыны, әдеби сыншы, публицист, қоғам қайраткері және аудармашы.   

Төрт жасында жетім қалған бала Ғабдолла тағдыр тауқыметін тартса да, тумысынан бойына дарыған қасиетті шыңдай біледі. Өкінішке орай, бала кезіндегі науқастары уақыт өте келе бойындағы қуатын кемітіп, ақынның ғұмыры қысқа қайырылды.

Оралдағы көпес отбасында өткен күндерінде Ғабдолла Тоқай медреседе білім ала жүріп, қосымша орыс сыныбына барып жүреді. Ол оқуда алғыр болды.

Тоқайдың алғашқы әдеби тәжірибелері «Әл-Гаср әл-джадид» («Жаңа ғасыр») қолжазба журналында 1904 жылы басылып шықты. Сол кезеңде ол Крыловтың мысалдарын татар тіліне аударады және оларды баспаға ұсынады. Сонымен қатар Пушкин мен Лермонтов поэзиясымен де айналысады.

Ауыр дертінен айығу үмітімен ол қазақ даласына келіп, қасиетті қымызбен емделген кездері де болған еді.

Артынан өшпес мұра қалдырған ақынның атымен бүгінде Татарстанның бірқатар қалаларына, Алматы мен Орал және Ташкент, Нукус, сонымен қатар Анкара мен Ыстамбул қалаларында ақын есімдерімен аталған көшелер бар.    

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға