Жаңалықтар

«Астанаға» жеңісті қорғаушылар сыйлады

«Астанаға» жеңісті қорғаушылар сыйлады
Фото: instagram.com/fca.astana 09.08.2023 11:05 1235

UEFA Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынында «Астана» өз алаңында Болгарияның «Лудогорец» командасын жеңді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

«Астана-Аренада» өткен кездесу 2:1 есебімен аяқталды. Әрине, бұдан да көп гол соғуға болар еді. Бірақ Бабаян сенім артқан футболшылардың кейбірі өз мүмкіндіктерін мүлт жіберді. Шабуыл шебіндегі Абат Айымбетов пен Дембо Дарбоға қарағанда қорғаушылар сенімді ақтады. Жарко Томашевич пен Александр Марочкин мергендік танытты.

«Астанаға» жеңісті қорғаушылар сыйлады
instagram.com/fca.astana

Матчтан кейін елорда командасының бас бапкері Григорий Бабаян баспасөз мәжілісінде қиын ойын болғанын айтты.

Эмоциялық тұрғыдан ауыр матч болды. Өйткені қақпамызға бірінші болып гол жібердік. Негізі есепті ұлғайтып тастауға шамамыз жететін еді. Бірақ неге екенін қақпаға кірмей қойды. Ян Вороговский бірінші минутта тепкен добы қақпа жақтауынан кері серпілді. Сол секілді Тимур Досмағамбетов үш бірдей гол соғатын мүмкіндігін мүлт жіберді. Абат пен Дарбо да алаңнан голсыз кеті. Қарымта матчта өздерің сенімді болу үшін мұндай сәттерді мүлт жібермеу керек қой. Өкінішке қарай, Болгарияда босаңдық танытуға мүлдем болмайды, - дейді Григорий Бабаян.

Ол ойынға деген жоспардың 70 пайызы орындалды деп деп отыр. Стандарттан жіберген голды «баланың қателігі» деп атады.

– Дембо Дарбо жаттығуда осындай доптарды қақпаға кіргізе ала ма?

– Әрине, соғады. Бірақ бүгін не болғанын түсінбедім. Бұл жерде тек Дарбоның кінәсі емес. Иә, ол бір метрден сала алмағаны рас. Басқа жігіттер де өз мүмкіндігін пайдаланбады. Әйтпесе, жаттығуда қақыратып теуіп жатады. Алайда ойынға келгенде білгендерінен жаңылады. Енді келесі ойын қиын болатынын түсініп тұрмыз. Қалай болғанда да бізге аздап демалып алу керек. Көптен бері дұрыстап тынықтпадық. Ойын кестеміз өте тығыз. Қазір аздап пауза жасап, сосын қарымта ойынға дайындаламыз.

– Бүгін қызық тактикалық жүрісті көрдік. Үш қорғаушы жүйесінде Марочкин ортада, Томашевич сол жағында ойнады. «Лудогорецтің» оң қапталдағы шабуылынан қаймықтыңыз ба?

– Амал жоқтан бардық. Өйткені Аманович жарақатына байланысты қатардан шығып қалды. Сондықтан амал жоқ Томашевичті сол қапталға ойнатуға тура келді. Марочкин өзің ортада қолайлы сезінеді. Мен оны «Тобылда» жүргеннен білемін. Ешқандай проблема болған жоқ. Ойынға келсек, алғашқы 30-35 минут жақсы өтті. Екінші таймның соңғы 15 минуты ұнамады. Қарсылас 4-2-3-1 схемасына ауысты. Мұндай кезде орталық қорғаушылар әуедегі доптарды қайтару маңызды.

Кейбір сәттерде Чондрич құтқарды. Қорғаушыларға қалай болғанда да көңілім толмауы мүмкін емес. Екі гол соқты. Бұл да атап өтер жайт.

– «Лудогорец» табиғи алаңда ойнайды. Сіздер қарымта матчта жаттығуды қайда өткізесіздер?

– Жақсы сұрақ. Астанада табиғи алаңдар жоқ. Бізде ондай мүмкіндіктер болмай тұр. Бір жерге барып, дайындалуға да уақытымыз тығыз. Біз тек ойынның алдында екі күн бұрын барып, сол жақта бейімделіп көреміз.

«Астанаға» жеңісті қорғаушылар сыйлады
instagram.com/fca.astana

– Қорғаушыларға көңілім толады деп айтып қалдыңыз. Бірақ қорғаушылардың қонақжайлық танытқан сәттері бар ғой...

– Әрине, белгілі бір деңгейде қысым бар. Қарсылас ойыншыларының шеберлік деңгейін жоққа шығара алмаймыз. Еуропадағы топ-командалардың бірі. Болгарияда 12 жылдан бері чемпион болып келеді. Жыл сайын еурокубокта топтық кезеңде ойнап жүр. Біз бүгін соңына дейін барымызды салдық. Тек реализация жағы кемшін болып тұр. Қалай болғанда да қысым бары сөзсіз. Ең бастысы, екінші голды жібермедік. Сондықтан қорғаушыларға көп кінә арта алмаймыз.

«Астана» (Астана, Қазақстан) – «Лудогорец» (Разград, Болгария) – 2:1

Голдар: Сонко-Сундберг, 35 (0:1).Томашевич, 41 (1:1). Марочкин, 53 (2:1).

«Астана»: Йосип Чондрич, Ян Вороговский, Абзал Бейсебеков (К)​, Жарко Томашевич, Александр Марочкин, Камо Оганесян, Степан Лончар, Макс Эбонг (Душан Йованчич, 75),  Фабьен Урега (Тимур Досмағамбетов, 60)​, Абат Аймбетов (Марин Томасов, 61), Дембо Дарбо (Эльхан Астанов, 84)​;

«Лудогорец»: Серджио Падт, Марсель Хайстер (Спас Делев, 78), Франко Руссо, Оливье Вердон, Аслак Витрю,  Ноа Сонко-Сундберг, Якуб Петровски (Педро Наресси, 78), Клод Гонсалвеш (Иван Йорданов, 57) – Бернард Текпетей (Кайо Видал 66), Кирил Десподов (Доминик Янков, 57), Руан Секо;

Рефери: Хорациу Фесник (Румыния).

Бұған дейін Болгария клубтары мен Қазақстан командаларының өзара кездесулерінің нәтижелері мынандай:

2003 жылы «Атырау» екі ойында «Левскиден» жеңілді. Ал 2013 жылы Станимир Стойловтың жаттықтыруымен «Ботев» елорда командасын аяған жоқ. Тек «Ертіс» ғана төрт матчта болгариялық клубтардан гол жібермей әрі ұтылмаған.

Болгария – Қазақстан 8/+4=1-2/ 12-4

2003/04 жылы УЕФА кубогы

«Левски» (София) – «Атырау» - 2:0, 4:1

2013/14 жылы, Еуропа лигасы

«Ботев» (Пловдив) - «Астана» - 5:0, 1:0

2013/14 жылы Еуропа лигасы

«Ертіс» (Павлодар) - «Левски» (София) - 2:0, 0:0

2017/18 жылы Еуропа лигасы

«Ертіс» (Павлодар) – «Дунав 2010» (Русе) - 1:0, 2:0.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға