Жаңалықтар

Астанаға келетін халық санын шектеу керек - Серік Жұманғарин

Астанаға келетін халық санын шектеу керек - Серік Жұманғарин
Фото: Видеодан кадр 05.03.2025 11:36 549

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанадағы халық санын шектеу мен көшелерді кеңейтуге қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев елорда халқының саны қаншаға дейін жетуі мүмкін екенін сұрады.

Астана қаласына қанша халық сыяды? Қанша халыққа есептелген? Болжам бар ма? Сіздің айтуыңызша, 1,5 миллион халық бар. Бір үйге 800 адам тегіннен тегін кіріп жатқан жоқ қой. Жағдайлары болмағаннан кейін солай болып тұр. Болашақта 2 не 3 миллиондық қала бола ма? Екіншіден, көшелерді кеңейтуге мүмкіндік бар ма?, - деді депутат.

Серік Жұманғарин өңірлерден елордаға қоныс аударатын халықты басқа өңірлерге жіберу қажеттігін атап өтті.

Менің ойымша, Астанадағы халық саны болжамда көрсетілген саннан әлдеқайда асып кетті. Қазір барлық инфрақұрылымда тапшылық туындап отыр. Астанаға келетін халық санын шектеу керек, басқа өңірлерге адамдарды жіберу керек. Ол үшін жұмыс орындарын ашу керек, - дейді ол.

Ал елордадағы көшелерді кеңейтудің орнына қоғамдық көліктің жұмысын күшейту керегін айтты.

Бір концепция бар. Сен қанша жерден жолды кеңейткен сайын көлік саны да өсе береді. Дамыған мемлекеттерде жолды кеңейтпейді, жолды қысқартады. Адамдар қоғамдық көлікке мінсін деп шара қолданады. Қаланың орталықтарында "KISS and BYE" деген қағида бар. Адамды алып келесің, тоқтайтын жер жоқ, тұрақ жоқ. Тек адамды тиісті жеріне жеткізіп, бетінен сүйіп, қоштасып, кете бересің. Себебі, көлік қоятын орын жоқ. Менің ойымша, жолды кеңейтудің ешқандай қажеті жоқ. Одан да қоғамдық көлікті дамыту керек, - деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға