Жаңалықтар

Астанаға 2,4 млрд доллар инвестиция тартылды

Астанаға 2,4 млрд доллар инвестиция тартылды
Фото: gov.kz 09.02.2023 12:00 1021

Соңғы үш жылда Астана қаласында 2,4 млрд.доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. Жобаның арқасында қалада 13 мыңнан астам бос жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«AstanaInvest» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Исатай Адресов аталған жауапкершілік серіктестік Астанада қаласында туризмді дамыту мен инвесторларды тартуды көздейтіндігін атап өтті.

«Мемлекеттік жекешелік әріптестік жобалар мен инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер учаскесін таңдауға жәрдемдеседі. Бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақтарда туризмді дамытуды көздейді. Компания 150 жобаны қолға алды. Бұл жобалардың инвестициялық көлемі 1 трлн. астам теңгені құрайды. Осы жобаның арқасында қалада 13 мыңнан астам бос жұмыс орны ашылды. Жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде нақты менеджер тағайындалады. Компанияның жобалық қолында ең көп инвестиция тартылған – білім беру саласы. Бұл сала бойынша 45 жоба бар. Өнеркәсіп – 33 жоба. Спорт және тағы басқа нысандар бойынша – 17 жоба. Компанияның жүзеге асырған ең ірі жобалары балабақшасы бар жеке мектеп және орта білім беру ордалары мен спорт кешені. Елорда бойынша негізгі капиталға инвестициялар соңғы үш жылда 3,8 трлн.теңгені құрады. 2022 жылғы көрстекіш 1,4 трлн.-ға жетіп, рекордтық көрсеткішке ие болды. Астана қаласы Атырау облысынан кейін екінші орында. Нақты индекс көлемі – 112,7 пайыз. Оның өсу себебі, жергілікті компаниялардың негізгі капиталға инвестициялары», – деді ол.

Сондай-ақ, ол тікелей шетелдік инвестиция бойынша соңғы үш жылда Астана қаласында 2,4 млрд.доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылғанын атап өтті.

«2022 жылғы 9 ай көрсеткіші бойынша тікелей шетелдік инвестиция 740,9 млн.долларға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда, 7 пайызға өсті. Астана қаласының үлесі – 3,3 пайызды құрайды», – дейді.

Бұдан бөлек, брифингте елорда аумағында шетелдік инвесторлар үшін экономиканың бірнеше тартымды секторларын атап өтті.

«2022 жылдың 9 ай нәтижесі бойынша, көтерме және бөлшек сауда, автомобильдерді және мотоцикілдерді жөндеуге 292,4 млрд.доллар құйылды. Екінші орында – құрылыс саласы, 101 млрд.долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, бес есе көп және айтарлықтай елеулі нәтиже. Үшінші орында – ақпарат және байланыс, 92,6 млрд. доллар. Төртінші орында – кәсіби және техникалық қызмет, 57,4 млрд. доллар. Бесінші орында – көлік және қойма, 43,4 млрд.долларды құрайды», – деді «AstanaInvest» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Исатай Адресов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға