Астанадан бір түнде 21 мың текше метрден астам қар шығарылды

Астанада екі күннен бері тоқтаусыз қар жауып, күн райының суытқаны байқалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген тәуліктік режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Астанада 5 наурыз күні таңертең 2500-ден астам жол жұмысшысы мен 1500-ден астам арнайы техника қар тазалауға шықты. Наурыздың 4-нен 5-іне қараған түні коммуналдық қызметтер 1511 ауыр жүк көлігімен қаладан 21 236 текше метр қар шығарды. Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 545 354 ауыр жүк көлігімен 6,8 миллион текше метрден астам қар арнайы полигондарға шығарылды. Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады.
Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады. Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие. Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
