Астанадағы мектепте орын тапшылығы мәселесі қашан шешіледі? Қасымхан Сенғазыев жауап берді
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев елордадағы мектептерде 26 мыңнан астам орынға тапшылық бар екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Астана қаласы коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингтің сұрақ-жауап бөлімінде Қасымхан Сенғазыевке «Астана қаласында мектеп аз. Бұл мәселе толығымен қашан шешіледі?» деген сұрақ қойылды.
Оқи отырыңыз:
Астанада мектеп жетіспеушілігі мәселесі бар екенін барлығымыз білеміз. Қазіргі таңда 26 мыңнан астам мектеп орнына тапшылық бар. Басым көпшілігі Есіл, Нұра ауданында. Бұл мәселені шешу үшін біз биыл 11 мектептің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Соның үшеуі оқу жылының басына дейін аяқталады және қолданысқа беріледі. Қалған 8 мектеп жылдың аяғына дейін тапсырылады, - деп жауап берді Білім басқармасының басшысы.
Қасымхан Сенғазыевтың айтуы бойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елордада 90 мың орындық 24 мектеп салынып жатыр. Бұл мектептер салынып біткеннен кейін орын тапшылығы мәселесі толықтай шешіледі деп отыр.
Мектеп ең көп жетіспейтін Есіл, Нұра аудандарында 15 жайлы мектеп салынады. Оның алтауы Есіл, тоғызы Нұра ауданында, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев биыл Астанада 26 650 бала 1-сыныпқа баратынын айтқан еді.