Жаңалықтар

Астанадағы балаларды қолдау орталығында мерекелік шырша ұйымдастырылды

Астанадағы балаларды қолдау орталығында мерекелік шырша ұйымдастырылды
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 27.12.2024 20:13 310

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында жаттығуға арналған спорттық кешен ашылды. Сондай-ақ орталықтағы балалар үшін мерекелік шырша ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған іс-шаралар Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен қолға алынды.

Жаңа жылға орай Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мұрындық болуымен осы орталыққа арнайы спорттық кешен сыйлауға ниет білдірдік. Бұл игі істің жүзеге асуына көптеген демеуші, кәсіпкерлер атсалысты. Бұл жаттығуға арналған орын балалардың бос уақытын пайдалы өткізуіне, денсаулықтарын нығайтуларына көп көмегін тигізеді деп ойлаймыз. Жаттығу залында батут, өрмелеуге арналған жартас, емдік және бейімдік дене шынықтыру жаттығуларына қажетті спорттық жабдықтар бар, - деді Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.

Ол комиссия мүшесі, Астана қаласы Көркем гимнастика федерациясының президенті Мәдина Бектұрғанованың орталықтағы 25 қыз баланы көркем гимнастика үйірмесіне тегін жазғанын атап өтті.

Сонымен қатар орталықта жаңа жылдық шырша ұйымдастырылып, өнерпаз балалар концерттік бағдарлама ұсынды.

Бүгін бізде керемет мереке өтті. Жаңа жылдық ертеңгілікке балаларымыз сәнді киініп, бар ынтасымен дайындалды. Өйткені біз көп қонақтарды күттік. Атап айтсақ, іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, Астана қаласы Білім басқармасы, қалалық және аудандық АХАЖ бөлімі өкілдері, кәсіпкерлер мен демеушілер атсалысты. Аталған комиссия орталыққа спорт кешенін сыйға тартса, өзге демеушілеріміз балалардың әрқайсысының аты жазылған жастықтарды тарту етті. Өзге кәсіпкерлер де осындағы 75 балаға түрлі сый-сияпат ұсынды. Балаларымызға жарқын сәт, мерекелік көңіл күй сыйлағаны үшін біз олардың әрқайсысына ризашылығымызды білдіреміз, - деді Астана қаласы әкімдігінің Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры Индира Нұрмұхамбетова.

Мерекелік іс-шара қатысушылары балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, орталықтың жұмысына табыс тіледі. Балалар да өз кезегінде қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, өз қолдарынан жасаған сыйлықтарын тарту етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға