Астанада кітап фестивалі өтті
Астанада тұңғыш рет Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен кітап фестивалі өтті. Осы жолы кітапхана ұжымы оқырмандарын оқу залдарында емес, «Нұржол» желекжолында қарсы алды.
Тағылымы мол шара Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңіске – 70 жыл, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына, сондай-ақ жаңа оқу жылының басталуына байланысты «Оқырман ұрпақ – Қазақстанның болашағы» тақырыбымен өтті.
Кітап сүйер қауым үшін игілікті бастамалар жүзеге асты. Енді кітапханаға бармай-ақ Ұлттық кітапхана қорындағы туындыларды оқу мүмкіндігі туды. Ашық аспан астында өткен тұңғыш кітап фестивалінде QR – код мобильді кітапханасы таныстырылды. Бұдан былай көркем әдебиетті сүйіп оқитын қауым Астананың қоғамдық жерлеріндегі арнайы кодқа мобильді құрылғыларын беттеп, кітаптарды жүктей алады. Мұндай QR – кодтарды автобус аялмадамаларында орнату да көзделіп отыр.
Кітапхана мамандарының айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық кітапхана қорында 1 жарым млн-нан астам қазақстандық және шетел әдебиетінің танымал туындылары жинақталған. Фестиваль барысында олардың дені даладағы сөрелерге қойылды. Әдебиет сауалнамасына қатысқандар кітаптарды ұтып алса, енді бірі сатып алуға асықты.
Аталған шараның негізгі мақсаты – кітапты насихаттау, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту.
Фестивальге еліміздегі белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, иялы қауым өкілдері, сондай-ақ Астанадағы шетелдердің Төтенше және Өкілетті Елшілері, елордалық баспалар мен кітап сатушы ұйымдар қатысты.
– Былтырғы жетістігіміз – біздің кітапханаға келген оқырмандар саны 120 пайызға артты, – дейді Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА. – Кореяның, Қытайдың кітапханаларында 20 млн кітап болса, біз де сондай көрсеткішке жетеміз деген ойдамыз. Біз Ұлттық академиялық кітапхана болғаннан кейін қорымыз өте көп.
Фестиваль бағдарламасы аясында «Оқуға арналған сәт» флешбугы, «Бәрі кітаптан басталады» флешмобы, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясындағы «Көшпенділер» романы – көшпелі өркениеттің айнасы іспетті» тақырыбында іс-шара, Е. Кочетовтың «Қазақстанды өзгерткен сөздер» атты кітабының тұсаукесері, «Қайсар Әлия» атты ерлік сабағы, кітап жәрмеңкесі, кітап сыйлау акциясы, «2015 жылдың мерейтой иелері – Нобель сыйлығының лауреаттары» көрмесі, «Жастар классиканы оқиды» атты оқырман жастармен кездесу өтті. Шара шеңберінде Қазақстанның облыстық кітапханаларымен онлайн-кездесу өтті.
Сондай-ақ «Поэзия саған мың алғыс!» тақырыбында поэзия марафоны, қазақтың белгілі жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ деген халықтың баласымын» тақырыбында поэзия сағаты ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Ақмола облысы кітапханашылары жеке бағдарлама бойынша іс-шара өткізді.
Фестивальде жаңа кітаптармен танысуға, әйгілі ақын-жазушылармен кездесуге, таңдаулы авторлар туралы тереңнен танысып, уақытты барынша ұтымды өткізуге мүмкіндік берілді.
Әзірлеген Айша КЕРЕЙ