Астанада ірі тігін фабрикасы бой көтерді
Жақында «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аумағындағы индустриялдық паркінде «KazTexExpo» сауда-өндірістік кешені бой көтерді. 7000 шаршы метр жер көлемін игерген кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен пресс-тур «KazTexExpo» сауда-өндірістік кешенінде жалғасын тапты. Жобаның құны 750 млн теңгеге шыққан. Оның 495 млн-ы кәсіпкердің қалтасынан шықса, 255 млн қаражатты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидияға берген.
Бүгінгі таңда «KazTexExpo» сауда-өндірістік кешені құрамында екі кәсіпорын жұмысын дөңгелетіп отыр. Біреуі Жезқазған қаласындағы «ПИК Ютария ltd» ЖШС болса, екіншісі елордадағы жаңа нысан «ПИК АСТАНА Ютария ltd» ЖШС.
Кәсіпорын 641 адамды жаңа жұмыс орынмен қамтыған.
«ПИК Ютария ltd» ЖШС ретінде замануи тігін фабрикасы ашылды. Бүгінгі таңда фабрика Жезқазан қаласында 250 адамға жұмыс орынын ұсынған. Кәсіпорын аумағында автоматтандырылған, қуат үнемдейтін, компьютермен басқарылатын замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Инновациялық технологияларың арқасында кәсіпорын 150 түрлі өнім тігуге қауқарлы. 2014 жылы аталмыш кәсіпорын 478 493 дана киім тіккен. Бұл – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Қазақмыс Энерджи» ЖШС, «Қазақмыс Смелтинг» ЖШС, ҚР Қорғаныс министрлігі, «Қорғау қызметі» ЖШС, «Кристалл Менеджмент» ЖШС, «Борусан Макина» ЖШС, «Бюро Веритас Индастриал Қазақстан» ЖШС секілді ірі мекемелердің тапсырысы. Сондай-ақ мұнда қонақ үй, мейрамхана, медицина салаларына арналған бұйымдар мен үйге лайықты текстиль өнімдері даярланады.
Астанадағы «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аумағындағы индустриялдық паркте бой көтерген «ПИК АСТАНА Ютария ltd» ЖШС – әлемге аты мәшһүр «ZOJE» тігін машинкаларының Астанадағы дилері болып табылады.
Кәсіпорын әлемде алдыңғы қатарлы бренд саналатын «ZOJE» тігін машинкаларын құрастырып, автоматтандырылған құрылғымен жабдықтауды жүзеге асыратын болады. Қазіргі таңда фабрика 300-ге тарта мамандарға жұмыс орынын ұсыныпты. Кәсіпорын Қазақстанның халқына арналған тігін және тоқыма өнімдерін тігетін болады.
Кәсіпорынның бас директоры Шәуенова Сәуленің айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның болашағы зор.
Алдағы уақытта қазақ жұрты сапасы еуропалық немесе түрік текстилінен ешбір кем емес киім-кешек сондай-ақ үйге арналған текстиль бұйымдарын тұтынатын болады.
«ПИК АСТАНА Ютария ltd» ЖШС-нің ашылу салтанаты желтоқсан айының 16-на жоспарланып отыр.
Ресми түрде ашыла қоймаса да, фабрика жұмысшылары қызу қарқынмен жұмыстарын атқарып жатыр. Пресс-тур аясында кәсіпорынмен танысуға келген «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының тәуелсіз директоры Серікбай Бисекеевке фабрика басшылары кәсіпорынның мүмкіндігін көрсетіп, алғашқы өнімдерін таныстырды. Мұндағы мамандар әрбір өнімнің бағасын жобалап, бекіткеніні айтты. Мүмкіндігінше, өнімдерді халыққа қол жетімді бағамен саудалау жоспарланған.
Толығырақ танысу үшін келесі фотосуреттерді көріңіз!
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ