Жаңалықтар

Астанада бес институционалдық реформаға арналған семинар өтті

Ұлт жоспары
22.09.2016 09:29 4324

Елбасы Кітапханасында «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға 100 нақты қадам» атты семинар өтті.

 Астанада бес институционалдық реформаға арналған семинар өтті

Елбасы Кітапханасына «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының мүшелері келді. Экскурсия барысында Кітапхананың бірегей экспонаттарымен, «Астана тарих толқынында», «Елбасы жолы – Путь Лидера» жаңа көрмелерімен, «Әлемді өзгертетін идеялар» Интерактивтік білім беру орталығының жаңартылған контентімен танысты.

«Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға 100 нақты қадам» атты семинарға  «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының мүшелері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы қызметшілері және этномәдени бірлестік басшылары қатысты.

 Астанада бес институционалдық реформаға арналған семинар өтті

Шара модераторы – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы «Тұңғыш» бастауыш партиялық ұйымының төрағасы Жапсарбай Қуанышев.

Тақырып бойынша негізгі баяндамашылар: Елбасы Кітапханасының халықаралық және ұлттық жобалар Қызметінің басшысы, саяси ғылымдарының кандидаты Мариан Әбішева; Елбасы Кітапханасы Талдау кешенінің аға ғылыми қызметкері Асылхан Нұрғалиев; «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының мүшесі, саяси ғылымдарының докторы Венера Жексембекова; «Бірлік» филиалы төрағасының Бірінші орынбасары Әлия Қайшарова.

Астанада бес институционалдық реформаға арналған семинар өтті

Өз баяндамасында Мариан Әбішева:

–  «100 қадам» Ұлттық жоспары алға қойылған даму жоспарына жетуде нақты мақсатты, жүйелік және бірізді амалдар ұсынады. Мұндай реформалар жаһандық және ішкі қауіптерге жауап іспетті.

Реформаларды жүзеге асыру даму кезінен бастап логикалық түрде жүргізіледі. Әр қадам келесі реформаларды жүргізуге қажеттіліктен туындайды, – деді Мариан ханым. – Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған.

«100 нақты қадам» елімізде «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мем­лекеттілігін нығайтуға, жолдан адас­пауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды» делінген бағдарламалық құжаттың 1-қадамы – Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. Онда: Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. Екінші қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деген міндет қойылып отыр. 3-қадам туралы айтатын болсақ, мұнда: «Қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру» мәселесі бойынша орындалуы тиіс міндеттер жан-жақты баяндалған.

Астанада бес институционалдық реформаға арналған семинар өтті 

Семинарға қатысқан «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы» Қоғамдық бірлестігінің басшысы Салман Героев және «Оберег» Украин қоғамы» Қоғамдық бірлестігінің басшысы Тамара Ширмер бірлік пен толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің қалыптасуындағы Қазақстан халқы  Ассамблеясының ролі туралы айтып берді.

– Елбасы бес реформа жайында: «Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Мен реформалар жоспарын Ұлт Жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бірізді болуын қалаймын», – деген еді. Осы бес негізгі реформа аясында жүктелген міндеттер мен жоспарларды жүзеге асыруға әрбір қазақстандық азамат атсалысу керек, – дейді Салман Героев.

Бес реформаның әрқайсысы бойынша 20 қадамнан бекітіліп,  осылайша «100 қадам» айқындалып, ол тұтастай Ұлт Жоспарын құрып отыр.

Сондай-ақ семинарда бес реформаның тағы бір кең ауқымды, аса маңызды бағыты – «Болашағы біртұтас ұлт» қалыптастыру, «Мәңгілік ел» идеясы негізінде «қазақстандық біртектілікті» одан әрі нығайту екені айтылды.  Ол туралы Елбасының: «Қазақстандық біртектіліктің өзегі – мәдениет. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды, патриотизмді, өскелең ұрпақтың сана-сезімін нығайту маңызды. Осыған орай «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын іске қосуымыз керек. Оның аясында Қазақстан тарихы, қазақстандық мәдениет, еліміздің қазіргі заманғы өмірі туралы кинофильмдер, телесериалдар, арнайы телебағдарламалар түсіріледі», – дегені бар. Бұл ретте Елбасы қаламгерлер мен драматургтер арасында елге қызмет ету, отаншылдық тақырыптарында байқау жариялау керектігін тапсырған еді.  

Астанада бес институционалдық реформаға арналған семинар өтті 

Семинар барысында реформаның бесінші бағыты – транспарентті және есеп беруші мемлекет құру міндеті тұрғаны сөз болды. Ондағы басты қағидаттардың бірі – қолмен басқарудан «нәтиже бойынша басқаруға» көшумен түсіндірілетіні айтылды.

Семинар соңында «Нұр Отан» партиясының өкілдері Елбасы Кітапханасының 11 қызметшісіне партия билеттерін табыстады.


Жұбаныш АСЫЛ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға