Жаңалықтар

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Астана қаласында «Ару-2015» зергерлер көрмесі басталды.
20.10.2015 06:14 14570

Бүгін Астана қаласында «Ару-2015» зергерлер көрмесі басталды. Көрмеде Ресей, Украина, Германия, Армения, Якутия, Грузия мен Қазақстанда жасалған зергерлік әшекейлер сатылымға қойылды.

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Бүгін ашылу салтанаты болған бас шаһардағы «Ару» көрмесіне бірқатар елдердің зергерлік компаниялары өз өнімдерін алып келді. Алтын мен күмістен жасалған түрлі әшекей бұйымдардың дизайны мен сапасы әртүрлі. Өндірушілер жақұттай жарқыраған әсем бұйымдарды тамашалауға келген халыққа өнімдерді көтерме және бөлшек сауда ретінде ұсынып жатты.

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

 

«Ару» көрмесіне ұлттық нақышта жасалған әшекей бұйымдарын алып келген зергер Мұқашев Таймас есімді ағамызды әңгімеге тарттық.    

 Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Таймас Мұқашев, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі

Зергерлік өнерді серік еткеніме 15-16 жыл болды. Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің (бұрын Дәулеткерей атындағы Өнер институты) декоративті қолданбалы өнер факультетінде білім алдым. Сурет өнеріне жақын болғандықтан, қазақ халқының ою-өрнектерін зерделедім. Өзімнен үлкен зергер ағаларымыз жасаған қолөнер туындыларына қатты қызығып, жасалу жолдарын көріп жүрдім. Кейін келе өзім де қолөнерге оның ішінде зергерлік өнерге ден қойып, күмістен әшекей соғуды қолға алдым. Менің өнімдерім қазіргі заман талабына сай жаңаша стильде жасалғандығымен ерекшеленеді. Әшекей бұйымдарымның бәрі де өз қиялымнан туған өнімдер. Көбінесе ою-өрнекпен көмкеріп, мейілінше түрлі-түрлі өрнектер пайдалануға тырысамын. Әрбір әшекейге салынатын оюдың өзіндік ерекшелігі болады. Мойынға тағылатын алқа немесе өңір жиек болатын болса, оюы соған сәйкес болады. Жүзік пен сырғаларды да формасы мен қалыңдығына қарай талдаймын.

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Автордың айтуынша, жақұттай жарқыраған қазақша әшекейлердің бәрі де таза қолдың еңбегі. Таймас аға кейбір әшекейлерге белгілі бір аспап пайдаланатын айтады. Мәселен, балқыту немесе әшекейге алмазды қолдану жұмысын айтуға болады. Алмазды өңдеу арқылы зергерлік бұйымдарға жаңаша стиль мен ерекше сән беріледі.

 Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Зергер ағамыз күміс әшекейлерді жеке тапсырыспен де жасайтынын айтты. Көбінесе тұтынушылар ұзатылатын қызға арналған әшекейлердің топтамасына тапсырыс береді екен.  

Тағы бір айта кетерлігі «Зергер Таймас» кәсіпорыны өндіретін әшекей бұйымдарға Ұлттық сынама палатасы кепілдік береді. Өмірге келген әрбір зергерлік бұйым ең алдымен осы палатаның тексерісінен өтіп, тұтынушыға жолдама алады.

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

2014 жылы Астана қаласы бойынша ең үздік кәсіпкерлерді анықтайтын конкурста «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациясы бойынша Таймас Мұқашев 2 орынды қанжығалаған.

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Зергер Зуфар Юлдабаев, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі

Зергерлік өнермен шұғылданып жүргеніме 35 жылдай болды. Бұрын көп жылдар Реставрация музейінде жұмыс істедім. Қызмет барасында музейдің көптеген жәдігерлеріне реставрация жасадық. Археологиялық қазба жұмыстарында табылған көне зергерлік бұйымдарды алып келетін. Соларды өңдеп, қалпына келтірумен айналыстық. Осы жұмысым зергерлік өнерге деген сүйіспеншілігімді нығайтып, тарихқа деген құрметімді арттырды.

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Зуфар  аға өз еңбектерінде  сақ дәуірінен қалған көне ескерткіштерде бейнелеген суреттер мен тасқа қашалған жазуларды бейнелеуге тырысады. Автордың жұмыстарында этникалық элементтер басым.  Эмальмен жасалған күміс бұйымдар да бар.

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Астанада «Ару-2015» зергерлер көрмесі өтуде

Зуфар аға көбінесе осындай ірі жәрмеңкелерге қатысатынын айтады. Бір жылдары зергерлік әшекейлерін ЮНЕСКО-ға жіберіп, сапасы жоғары болғандығы үшін арнайы дипломмен марапатталыпты.

«ҚАЗЭКСПО» халықаралық көрмелер компаниясы «Ару» көрмесін жылына екі мәрте Алматы және Астана қалаларында ұйымдастырады. Компанияның ресми дерегіне сүйенсек, 2014 жылы өткен «Ару» көрмесін жиырма мыңнан аса тұтынушылар тамашалап, түрлі бұйымдар сатып алған.

Көрмеге келушілердің назарына бағалы және жартылай бағалы тастармен көмкерілген замануи және классикалық дизайндегі алтын, күміс және платинадан жасалған зергерлік бұйымдар, күмістен жасалған асхана ыдыстары, кәдесыйлар ұсынылды.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ    

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға