Астанада жыл сайынғы «KAZCHESS AWARDS - 2024» сыйлығы табысталды
Елордада дәстүрлі «KazChess Awards» сыйлығы табысталды. Биыл қатарынан екінші жыл аталған жүлдемен үздік спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және Қазақстанда шахмат спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл номинациялар тізімі 12 санатқа дейін кеңейтілді, өткен жылы 9 номинация болған. Салтанатты іс-шараға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов, сондай-ақ атақты спортшылар, еңбек сіңірген жаттықтырушылар және өзге де тұлғалар қатысты.
Марапаттау рәсімінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйлеп, кейінгі жылдары елімізде шахмат спорты қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда республика бойынша 7 мың секция жұмыс істейді, онда 200 мыңнан астам адам айналысады.
Ең алдымен осы іс-шараның маңыздылығын атап өткім келеді. Бұл марапат спортшылардың елдегі шахматты дамытудағы еңбегін бағалау мақсатында ұйымдастырылған және республикалық, халықаралық деңгейде спорттың осы түрін одан әрі танымал етуге, спортшылардың кәсіби шеберлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Мемлекет басшысы еліміздегі шахматты қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы бастаманың арқасында республикада шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді, - деді Ермек Маржықпаев.
Жеңімпаздар Қазақстан шахмат федерациясы президиум мүшелерінің дауыс беру жолымен таңдалды. Жеңімпаздарды анықтау кезінде спортшылардың халықаралық және республикалық жарыстардағы жеке көрсеткіштері ескерілді.
«Ерлер арасында үздік спортшы» аталымы – Алдияр Аңсат,
«Әйелдер арасында үздік спортшы» аталымы – Ксения Балабаева,
«Жыл үміті» аталымы – Данис Қуандықұлы,
«Жыл бапкері» аталымы – Александр Моисеенко,
«Өрлеу – 2024» аталымы – Зарина Нұрғалиева,
«Үздік төреші» аталымы – Кәусар Бауыржан,
«Ерлер арасында үздік ардагер» аталымы – Айтқазы Баймұрзин,
«Әйелдер арасында үздік ардагер» аталымы – Ирина Буланова,
«Жылдың үздік партиясы» аталымы – Әлішер Сүлейменов,
«Үздік шахмат шолушысы» аталымы – Александр Ляхов,
БАҚ арасында жыл серіктесі – Курсив,
«Үздік команда» аталымы – ҚР ұлттық әйелдер құрамасы.
Айта кету керек, спорттың осы түрін дамытуға бағытталған «Мектептегі шахмат» жобасы аясында бүгінде 983 мектепте зияткерлік ойын сабақтары өткізіледі. Оның ішінде 110 мектепте міндетті пән ретінде оқытылады. Сондай-ақ 2023 жылы 2 мыңнан астам қатысушыны қамтыған әуесқойлар арасында шахматты насихаттауға бағытталған «Шахмат керуені» республикалық жобасы іске асырылды.