Жаңалықтар

Астанада жыл басынан бері 300-ден астам есірткі қылмысы анықталды

Астанада жыл басынан бері 300-ден астам есірткі қылмысы анықталды
Фото: instagram.com/akimat__astana 19.11.2024 05:30 302

Астанада 2024 жылдың 10 айында 300-ден астам есірткі қылмысы тіркелді. Оның 250-ге жуығы есірткі өткізу фактісіне қатысты қылмыстық істер, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Заңсыз айналымнан 300 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркеш Қалықов айтты. 

Спикердің мәліметінше, есірткіге қарсы іс-шаралар бойынша интернет кеңістікке мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі. Бір жылға жуық уақыт ішінде 200-ге жуық сайт бұғатталған.

Есірткіні жарнамалайтын граффитилерді жою жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Есірткіге жол жоқ!» атты «Smart Astana» мобильді қосымшасы бар. Есірткі тарату фактілері бойынша 21 қылмыстық іс қозғалып, 5 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деді Еркеш Қалықов.

Айта кетсек, елродада «Астана – есірткісіз қала 2024-2025 жылдарға арналған» бағдарламасы іске асырылуда. Оған мемлекеттік органдар мен жұртшылық барынша тартылған, есірткіге қарсы іс-шаралардың тұтас кешені әзірленген.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері ведомствоаралық штаб отырыстарында қаралады. Алдымен биыл департаментте қала әкімінің орынбасары мен басшылығының төрағалығымен 9 ведомствоаралық штаб отырысы өткізілді. Онда бірқатар түйткілді мәселе мен оларды шешу жолдары қаралды. Департамент мемлекеттік органдармен бірлесіп, нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Бұл жұмысқа тек мемлекеттік органдар ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер де өз үлестерін қосуда. Олармен бірге жыл басынан бері 450-ден астам профилактикалық іс-шара өтті, - деді спикер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға