Жаңалықтар

Астанада "Жұмысшы мамандықтарының қаласы" фестивалі өтті

Астанада "Жұмысшы мамандықтарының қаласы" фестивалі өтті
Фото: gov.kz 16.02.2025 10:04 465

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараның қатысушылары мен қонақтарына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтау сөзін арнады.

Бес күн ішінде фестивальға еліміздің барлық өңірінен 50 мыңнан астам адам келіп тамашалады. Қонақтар 200-ден астам жұмысшы мамандықтарымен танысып, 8 тақырыптық көше мен 40 интерактивті алаңды аралады.

Фестиваль аясында мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына ерекше көңіл бөлінді. 30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтіп, өздерінің дағдылары, қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтады. Бұл олардың болашақ мамандығын таңдауда аса маңызды.

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі тек ауқымды шара ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда маңызды өсу нүктесіне айналды. Негізгі нәтижелердің бірі – колледждер мен кәсіпорындар арасында 250-ге жуық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жұмыс берушілердің бұл процеске белсенді қатысуы қуантады. Біздің басты басымдығымыз – еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау. Бұл үшін біз бизнес-қоғамдастық және инвесторлармен өзара ынтымақтастықты арттырамыз. Осы бағытта 270-тен астам мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту, сондай-ақ колледждерге шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр, – деді Ғани Бейсембаев.

Министр сөз соңында фестивальді ұйымдастыруға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлес қосқан барлық министрліктерге, әкімдіктерге, ұлттық компанияларға, кәсіпорындарға, колледждерге, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғыс білдірді.

Фестивальдің бес күнінде 30-дан астам кәсіптік бағдар беру шеберлік сыныптары, 70 викторина, 200-ге жуық ойындар мен квиздер ұйымдастырылып, 1000-нан астам жүлделер мен сыйлықтар ойнатылды. Арнайы дайындалған гидтер колледж студенттері мен мектеп оқушылары үшін 210-нан астам экскурсия өткізді.

«Бейбіт атом» шеберлік сабағы аясында балалар атом энергиясы қолданылатын салалар туралы білді, ал «Бортсерік мансабы» воркшопында «Air Astana» әуе компаниясының қызметкерлері мамандықтың артықшылықтарын, бортсеріктер мен ұшқыштарға қойылатын талаптар туралы айтып берді. Металлургтер көшесінде студенттер мен оқушылар геолог, геофизик, кенші, оператор рөлінде өзін сынап көрді. ERG, Kazakhmys, Qarmet сынды ірі жұмыс берушілер көрмелерін тренажер, макет, симулятор, VR-технологиялармен жабдықтап, қатысушыларға мамандықтардың қыр-сырына терең үңілуге мүмкіндік берді.

IT, автоматтандыру, ғарыш саласындағы болашақ мамандықтарға арналған кең ауқымды экспозиция ұйымдастырылды. Техно-аренада технологиялық колледждер, университеттер және республикалық ғарыштық байланыс орталығы шеберлік сыныптары мен перфоманс-шаралар өткізілді. Инноваторлар мен болашақ әзірлеушілер үшін Quattuor командасы ұйымдастырған роботтар шайқасы ерекше әсер қалдырды.

Айта кетсек, бүгінде Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 772 колледж 556 мың студентке білім беруде. Мемлекет басшысының қолдауымен 2023 жылдан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есе өсті. Биыл сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алатын студенттер саны 153 мыңға жетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да техникалық мамандықтарға бөлінетін болады.

Фестивальдің ұйымдастырушысы – ҚР Оқу-ағарту министрлігі, сондай-ақ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктері, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен елдің ірі кәсіпорындары қолдау көрсетті.

Ресми серіктестер: ERG, «Қазақтелеком» АҚ, «НК Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «QazaqGaz» АҚ, «KEGOC» АҚ, «SamrukEnergy» АҚ, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Kazakh Tourism» АҚ, «НИТ» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Kazakhmys» корпорациясы» ЖШС, «ҚаздорНИИ» АҚ, «Халықаралық әуежай» АҚ, «Қазаэронавигация» РМК, BI Global, «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «Automatic system» ЖШС, «Air Astana» АҚ, «SCAT» әуе компаниясы» АҚ, Қазақстан автомобиль одағы, Құс өсірушілер одағы, Qarmet, EcoCulture – Eurasia, Allur, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Eurasia Agro Semey» ЖШС, Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы, Сүтті және аралас тұқымды ІҚМ республикалық палатасы, BI Global, «НҰР АСТАНА ҚҰРЫЛЫС» ЖШС, «Барка» (Sardar Group) ЖШС, «Қазақстандық жүк теміржол тасымалдаушылар қауымдастығы» ӨЖҚ, «Integra Construction KZ» ЖШС, «Қазақстан жолшылар қауымдастығы» ӨЖҚ, China Energy, «Туристік қамқор» корпоративтік қоры және басқалар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға