Жаңалықтар

Астанада жас жұбайлар «Бәйтерек» монументінде некелерін қиды

Астанада жас жұбайлар «Бәйтерек» монументінде некелерін қиды
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 16.03.2025 19:42 122

Астанада «Бәйтерек» монументінде Наурызнама онкүндігі аясында Шаңырақ күніне арналған салтанатты рәсім өтті. Жас жұбайларға неке куәліктері табысталып, алтын тойын атап өткен жұптардың есімдері «Жылдық мерейтой иелері кітабына» енгізілді. Бұл жиын ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық құндылықтарды дәріптеудің ерекше үлгісіне айналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлы құттықтау сөзінде отбасы құндылықтарының маңыздылығына тоқталып өткен. 

Бүгін бұл шараға біз бәрімізге үлгі көрсететін, 50 жылдан астам бір шаңырақтың астында өмір сүріп келе жатқан ата-әжелерімізді арнайы құттықтау үшін де жиналдық. Бұл – отбасылық құндылықтарды дәріптеу үшін ұйымдастырылған өте маңызды шара. Жас жұбайлар, сіздер өз өмірлік серіктеріңізді тауып, Қазақстан Республикасының ең басты символдарының бірі – «Бәйтерек» шаңырағының астында некелеріңізді ресми түрде қидырып жатырсыздар. Құтты болсын, - деді аудан әкімі.

Астана қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының қызметкері Гүлмира Смайлова елордада некеге тұрушылар санының жоғары екенін атап өтті.

Астана қаласында жыл сайын 17-18 мыңға жуық неке қиылады. Бүгінгі шара – олардың арасында ерекше орын алатын маңызды оқиға. Әрбір отбасына қуаныш, береке мен бақыт тілейміз, - деп лебізін білдірді мемлекеттік корпорация қызметкері.

Жарты ғасыр бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан Жұмагүл және Оралбек Құрманғалиевтер жас жұптарға ақыл-кеңестерін айтып, баталарын берді.

Неке құрғанымызға 50 жыл болды, алтын тойымызды атап өттік. Үш қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірдік, немере-шөберелеріміз бар. Отбасы берік болуы үшін ең бастысы – төзімділік, сыйластық және еңбекқорлық. Ерлі-зайыптылар – екі жарты, бір бүтін, сол себепті барлық мәселені сыйластықпен шешу керек. Міне, біз 50 жыл бойы бақытты ғұмыр кешіп келеміз, - деді астана тұрғындары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға