Астанада «Жас сарбаз» балалар студиясы тәрбиеленушілерінің есептік концерті өтті
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен «Белеске жету жолында» атты шығармашылық кешке әр түрлі жастағы екі жүзге жуық бала қатысып, өнер көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Балалар үшін есептік концерт беру – маңызды оқиға. Педагогтар жұмысының нәтижесін бағалап, студия тәрбиеленушілерінің жетістігіне тамашалауға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, балалардың туыстары мен жақындары көптеп жиналды.
Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Арман Асенов жас дарындарды қолдаудағы еңбегі үшін педагогтар мен Қорғаныс министрлігінің басшылығына алғысын білдірді.
– «Жас сарбаз» балалар студиясы бес жыл бойы көрерменді талантты ұл-қыздарымен, олардың ынта-жігерімен және еліміздің жарқын болашағына деген сенімімен қуантып келеді. Студия жұмысына ықыласпен келіп, балалардың талантын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін секция жетекшілеріне ризашылығымды білдіремін, – деді Арман Асенов.
Балалар студиясында оқыту хореография, актерлік шеберлік, вокал және домбыра бойынша төрт бағытта жүргізіледі. Есепті концертте көрерменге үздік нөмірлер ұсынылды.
– Студиямызда барлық күштік құрылымдардағы әскери қызметшілердің балалары айналысады. Олармен кәсіби мұғалімдер жұмыс істейді. Ән айтуды, би билеуді, сахнада өзін-өзі ұстауды, домбыра тартуды үйретеді. Концертте балалар өз өнерлерін толық көрсете алды, – деп атап өтті «Жас сарбаз» балалар студиясының жетекшісі 3-сынып сержант Альмира Асылбекова.
Іс-шара соңында балалар студиясының қызметіне белсенді араласқан педагогтарды, балалар мен ата-аналарды марапаттау рәсімі өтті.
Студияда сабақтар балалар мен жасөспірімдердің жеке қасиеттері мен таланттарын дамытып қана қоймай, патриоттық сезімдерін қалыптастырып, туған елдің тарихына, дәстүрлері мен мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиелейді.