Астанада жас ғалымдардың I республикалық форумы өтті

Еуразия ұлттық университетінде I республикалық «Жас ғалымдар» форумы өтті, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден астам жас ғалым жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Форум барысында қатысушылар мемлекет тарапынан қазақстандық ғылымды дамыту үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерді, соның ішінде жас ғалымдарға қолдау көрсетуді талқылады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, форумға қатысушылар еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту және ғылыми қауымдастықтарды ілгерілету жөніндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, жаһандық ғылыми желіге интеграциялану идеяларын талқылап, өзекті мәселелердің ғылыми тұрғыдан шешу жолдарын айтты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде жас ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, ғылыми қауымды бір-бірін қолдауға шақырды.
Қазір бізге практикалық идеялар мен жобалар, мықты командалар қажет. Бүгінгі таңда пәнаралық зерттеулердің әлеуеті де, тиімділігі де бар. Біз жас ғалымдарды барынша қолдаймыз. Мүмкіндіктерді барынша пайдаланыңыздар. Бізге жаңа жобалар мен жаңа есімдер керек. Бір қуантарлығы, қазір 25,5 мың ғалымның 46 пайызы 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар», – деді министр жас ғалымдарға сөйлеген сөзінде.
Форумға қатысушылар «Жас ғалым» бағдарламасын – елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған іргелі бастама, сондай-ақ ғылым мен технологияны дамытудағы мемлекеттік қолдаудың жарқын үлгісі екенін, бұл бастама – ғылымды өмірлік бағдар етіп таңдаған талапты жастар үшін әлеуметтік лифтке айналғанын атап өтті.
ҚазҰУ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Жандос Тауанов жобаны жүзеге асыру барысында ғылыми тәжірибесімен бөлісе отырып, бағдарламаның мүмкіндіктеріне тоқталды.
Жас ғалым тек ғылыми жобамен шектеліп қалмауы керек, ол өзінің ғылыми ортасын, ғылыми бағытын, ғылыми мектебін табуы тиіс. Біз сол мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек, – деді ол.
«Жас ғалым» гранттық бағдарламасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауында берілген тапсырмасы аясында Ғылым және жоғары білім министрлігімен жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарламаның мақсаты – постдокторантура институтын қолдау арқылы еліміздегі жас зерттеушілер санын арттырып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайту. Осы жылдар ішінде конкурстық жолмен 688 грант бөлінді.
Форум қатысушылары Мемлекет басшысына ғылымды жан-жақты қолдағаны үшін ерекше алғыс білдірді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Нұрзада Амангелді ғылымнан бизнеске дейінгі бірегей жолымен бөлісті. Жас ғалым ымдау тілін танудың зияткерлік жүйесін әзірлеу жобасының авторы екені белгілі. Оның айтуынша, жоба Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Жаңа Асу» грантынан басталды. Содан кейін ол «Жас ғалым» грантын жеңіп алып, инклюзивті инновациялар консорциумының құрамына еніп, Дүниежүзілік Банктің қолдауына ие болды.
«Жас ғалымдықтар» еліміздің 18 өңіріндегі 74 ғылыми мекемеде ғылымның әртүрлі салаларында маңызды қадамдар жасауда. Өткен жылдың соңында 300-ге жуық постдокторант өз жобаларын сәтті аяқтап, тағы жүздегені ғылыми ізденістерін жалғастырып жатыр. «Жас ғалым» гранты иегерлерінің көбі зерттеу университеттерінде шоғырланған: Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Satbayev University.
Бағдарлама жүзеге асырылған үш жылдың ішінде жүздеген сапалы ғылыми еңбек жарық көріп, докторлық диссертациялар жоғары деңгейде қорғалды. Сонымен қатар бірқатар ғылыми жетістіктер нақты өндірістік салада қолданыс тауып, практикалық мәнге ие бола бастады.
Сонымен қатар шара соңында отандық ғылымның дамуына, еліміздің болашағына зор үлес қосу мақсатында «Жас Ғалым» республикалық қауымдастығын құру туралы ғалымдардың ұсынысы ерекше атап өтілді.
