Еуразия ұлттық университетінде I Республикалық «Жас ғалымдар» форумы өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден астам жас ғалым жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Форумға қатысушылардың айтуынша, «Жас ғалым» бағдарламасы – елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған іргелі бастама. Сондай-ақ олар мұның ғылым мен технологияны дамытудағы мемлекеттік қолдаудың жарқын үлгісі екенін, бұл бастама ғылымды өмірлік бағдар етіп таңдаған талапты жастар үшін әлеуметтік лифтке айналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда еліміздегі зерттеушілердің жартысына жуығы – 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар.
«Жас ғалым» гранттық бағдарламасы мемлекет басшысының 2021 жылғы жолдауында берілген тапсырмасы аясында Ғылым және жоғары білім министрлігімен жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарламаның мақсаты – постдокторантура институтын қолдау арқылы еліміздегі жас зерттеушілер санын арттырып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайту. Осы жылдар ішінде конкурстық жолмен 688 грант бөлінді.
«Жас ғалымдықтар» еліміздің 18 өңіріндегі 74 ғылыми мекемеде ғылымның әртүрлі салаларында маңызды қадамдар жасауда. Өткен жылдың соңында 300-ге жуық постдокторант өз жобаларын сәтті аяқтап, тағы жүздегені ғылыми ізденістерін жалғастыруда.
«Жас ғалым» гранты иегерлерінің көбі зерттеу университеттерінде шоғырланған: Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Satbayev University.
Бағдарлама жүзеге асырылған үш жылдың ішінде жүздеген сапалы ғылыми еңбек жарық көріп, докторлық диссертациялар жоғары деңгейде қорғалды. Сонымен қатар, бірқатар ғылыми жетістіктер нақты өндірістік салада қолданыс тауып, практикалық мәнге ие бола бастады.
Біздің ғылыми зерттеулеріміз – ядролық энергетикадан бастап молекулалық биологияға, құрылыс пен жол саласына арналған материалдардан мұнай-химия, экология, геоақпараттық модельдеу мен ақпараттық технологияларға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Бұл ізденістердің нәтижелері Қазақстанның өркендеуіне нақты үлес қоса алатын әлеуетке ие.
Форум қатысушылары Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ғылымды жан-жақты қолдағаны үшін ерекше алғыс білдірді. Бұл қолдаудың нақты нәтижесі ретінде білім мен ғылымды қаржыландырудың едәуір артуын, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның қабылдануын, докторантураға бөлінетін грант санының көбеюін, стипендия мөлшерінің өсуін, үздік әлемдік орталықтарда тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін, зертханалардың жаңартылуын, жетекші шетелдік ЖОО филиалдарының ашылуын, жас ғалымдарға пәтерлердің тегін берілуін және «Жас ғалым» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Нәтижесінде қазіргі таңда ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдардың тең жартысын 40 жасқа дейінгі жас зерттеушілер құрайды.
Жас ғалымдар ең сәтті инновациялар адамдардың қажеттіліктерін терең түсінуден және миллиондаған адамдардың өміріне жақсы әсер ету ниетінен туындайтынын атап өтті. Ғалымдардың атом энергетикасы, жасанды интеллект технологиялары, құрылыс, экология, геодезия, лингвистика, археология, аграрлық ғылымдар және басқа да салаларда жүргізген зерттеулерінің нәтижелері Қазақстанның дамуына үлес қосып, халыққа қызмет етсе деген ниеттерін білдірді.
Ғалымдар кез келген басқа саладағы сияқты ғылымдағы жеңістерге тек қажымас еңбек, білім іздеу, мақсатқа ұмтылу, әлемге ашық болу және оны жақсартуға деген жоғары ұмтылыс арқылы қол жеткізілетініне назар аударды. Форумға қатысушылар дарынды жас қазақстандықтарды ғылыми зерттеулерді өмірлік жұмыс ретінде таңдауға шақырды.
Форумның қорытындысында жас ғалымдар болашағына деген жауапкершілікті терең сезіне отырып, отандық ғылымның үдемелі дамуы үшін бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда: Ғылымды жүйелі түрде дамыту үшін мемлекет, жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері және жас ғалымдардың арасындағы ынтымақтастықты арттыру; Зерттеу университеттерін ғылыми жаңалықтар мен инновациялар орталығына айналдыру жұмысын жалғастыру. Бұл «Жас ғалым» бағдарламасының тиімділігін арттыруға ықпал етеді; Ғылыми зерттеулер нәтижелерін қоғам, мемлекет және бизнес үшін ашық, қолжетімді ету, оларды нақты өндіріс пен басқару шешімдерінде қолдануға ұмтылу.
Сонымен қатар отандық ғылымның дамуына, еліміздің болашағына зор үлес қосу мақсатында «Жас Ғалым» республикалық қауымдастығын құру туралы ғалымдардың ұсынысы ерекше атап өтілді.
