Жаңалықтар

Астанада жаңа жыл түнінде қандай іс-шаралар өтеді

Астанада жаңа жыл түнінде қандай іс-шаралар өтеді
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 26.12.2023 14:03 1033

Жаңа жыл түнінде 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға дейін қаланың үш жерінде мерекелік іс-шаралар өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

31 желтоқсан күні сағат 21:00-ден 02:00-ге дейін елордамыздың қалалық алаңында, «Қазақ елі» монументі мен ЭКСПО алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Жаңа жыл түні» атты жаңа жылдық мерекелік концерттер өтеді.

Іс-шараға отандық эстрада жұлдыздары Qanay, Әли Оқапов, Ayree, Маржан Арапбаева, Ильхан Ихсан, Кенжебек Жанабілов, Диана Исмаил, Аука, Еркеш Хасен, Серік Ибрагимов, Әлішер Кәрімов, «Килиманджаро» тобы, Алмас Кішкенбаев, Бейбіт Қорған және басқа да көптеген әртістер қатысады.

Сағат 23:45-те ЭКСПО алаңынан «Jibek Joly» телеарнасы тікелей эфирге шығады. Тікелей эфирде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық құттықтауы көрсетіледі және мерекелік бағдарлама болады.

Сонымен қатар, 31 желтоқсанда Астанада жүгіруден жаппай жарыс өтеді. Қатысушылар 2024 метр қашықтықты еңсеруді жоспарлап отыр. Басталуы сағат 21.00-де. Жарысқа қатысуға старт пакеттері 31 желтоқсан сағат 20.30-дан бастап беріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға