Астанада жаңа тартымды орындар қай жерлерде ашылады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан ашылатын тартымды орындар туралы жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімнің айтуынша, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 20-дан астам аула мен қоғамдық кеңістік ашылған. Биыл барлығы 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылмақ.
Алматы ауданында Ақбұлақ өзенінің жағалауын абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Былтыр Ш.Құдайбердіұлы даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі аралық қамтылған. Биыл Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейін жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында бос уақыт өткізуге арналған орындар, спорт алаңы, көгалдандыру, жарықтандыру және т.б. бар. Сондай-ақ биыл Тәуелсіздік даңғылы мен Амман көшесі арасында жаяу жүргіншілер көпірі ашылады, - дейді қала басшысы.
Сонымен қатар Тәуелсіздік даңғылының (Ақбұлақ өзенінің жағасынан Б.Момышұлы даңғылына дейін) жаяу жүргіншілер бөлігі қолға алынды. Мұнда жаяу жүргіншілер бөлігін абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру жүргізілуде, даңғыл бойында кедергісіз орта құрылып жатыр. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болуы үшін көлеңкелі шатырлар да орнатылады.
Бұдан бөлек, осыған дейін сауда орталықтарының құрылысы жоспарланған Тұран даңғылында екі жаңа қоғамдық кеңістік ашылады, Жүргенов көшесінде жасыл желек орнатылады, ал Мыңжылдық аллеясында 70 мың шаршы метр абаттандырылады.
Сондай-ақ Т.Жүргенов көшесін (Айнакөл көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейін), ескі вокзал аумағын және оған іргелес Гете мен Біржан сал көшелерін абаттандырамыз, «Жағалау» тұрғын үй кешенін абаттандыру аясында 18 гектар аумақ және т.б. абаттандырылады, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.