Астанада жалпықалалық сенбілікке 100 мыңнан астам қатысты

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Оған 100 мыңнан астам тұрғын қатысты. Олардың қатарында еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сенбілік барысында 12 мыңнан астам ағаш және 16 мың шаршы метрден астам бұталар мен сәндік өсімдіктер отырғызылды. Қатысушылар осылайша қаланы көркейтуге үлес қосты. Тұрғындар тазалық орнатып, аулаларын абаттандыру үшін жиналды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, елорданың түрлі аудандарында, соның ішінде Ақбұлақ өзенінің жағалауында, Р.Қошқарбаев даңғылы мен С.Нұрмағанбетов көшелерінің қиылысында, Ж.Омаров көшесі, Абай даңғылы және Ш.Уәлиханов көшесі, Кирпичный тұрғын алабында, сондай-ақ Керей, Жәнібек хандары, Ұлы Дала көшелерінің бойында, Жағалау саябағында, РДО жанында, Бейбітшілік, Күмісбеков, Серкебаев көшелерінің бойында тазалық жүргізілді. Ал «Жастар» саябағында, бтаникалық бақта, Көктал саябағында, Абай алаңында және басқа да қоғамдық орындарда көшет отырғызылды.
Экоакция барысында 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Тазалық шарасы барысында қала тұрғындары өз әсерлерімен бөлісті.
Бүкіл қаланың бір мақсат үшін біріккенін көру көз қуантады. Бүгін көршілерімізбен бірге үйіміздің жанына бірнеше ағаш отырғыздық. Енді бірнеше жылдан кейін мұнда әдемі аллея болады деп үміттенемін, - деді қала тұрғыны.
Бүгін тазалық іс-шарасы сенбілікке шыққан жас жұбайлар үшін ерекше оқиға болды. Байқоңыр ауданында Құрмет пен Диана Жолбарысовтар ауқымды көгалдандыру науқанына қосылып, ағаш отырғызды.
Біз үшін бұл – қос мереке. Біз жаңа отбасын құрып қана қоймай, қаламыздың болашағына аз да болса үлес қосып, жаңа өміріміздің символы ретінде бірге ағаш отырғыздық, - деді Құрмет Жолбарысов.
