Астанада заңсыз салынған 32 дүңгіршек бұзылды

Астананың Есіл ауданында заңсыз салынған 32 дүңгіршек бұзылды. Олардың иелері жер заңнамасы талаптарын бұзған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігі заңсыз қойылған сауда нысандары тек жер заңнамасын бұзу ғана емес, сонымен қатар аудан тұрғындары үшін де бірқатар қолайсыздықтар тудыратынын атап өтті. Мәселен, қоғамдық кеңістіктердің бірінде орналасқан көкөніс дүңгіршегі жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріп, тұрғындар үшін қолайсыз жағдай тудырған. Бұған қоса, мұндай нысандар қаланың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізеді. Санитарлық талаптарға сәйкес келе бермейді және кейбір жағдайларда қауіпсіздік нормаларын өрескел бұза отырып орнатылады.
2024 жылы әкімдік мамандары тұрғындар шағымымен мониторинг жүргізу барысында мемлекет меншігіндегі жер телімдерін заңсыз иемденген 32 нысанды анықтаған. Жыл соңына дейін олардың барлығы да алынып тасталған.
Есіл ауданы әкімдігі ретсіз құрылысқа жол бермеу және кәсіпкерлерге заң аясында жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Басты міндетіміз – жер қатынастарын ретке келтіріп, қаланың қолайлы әрі заманауи келбетін қалыптастыру. Десе де, кейбір кәсіпкерлер білместікпен заңға қайшы әрекеттер жасайды. Оларға айыппұл салынып, заңдастыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, – деп атап өтті аудан әкімінің кеңесшісі Құралай Слямбекова.
Айта кетейік, аудан әкімдігі алдымен уәкілетті органдармен бірлесіп, аумақты тұрақты түрде тексереді. Кейін заңсыз нысандарды анықтайды. Сол уақытта меншік иелеріне нысандарды өз еркімен алып тастау туралы нұсқама беріледі, ал талап орындалмаған жағдайда тиеп алып кетеді.
Еске салсақ, мемлекеттік жер телімдерін заңсыз иелену әкімшілік құқықбұзушылық болып туралы. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 136-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға – 75 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК, ірі кәсіпорындарға – 700 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
