Жаңалықтар

Астанада «Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирі өтті

Астанада «Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирі өтті
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 05.08.2024 20:45 924

Астанада «Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирі басталды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.  

Турнирдің салтанатты шарасына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен Өзбекстан президентінің көмекшісі, саясаткер Саида Мирзиёева қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Біз ежелден бір туған ағайынды елміз. Тарихымыз бен таным түсінігіміз бір, тіліміз бен дініміз ортақ. Шын мәнінде тағдыр қосқан бауырлармыз. Осы тарихи тұтастығымызды сақтап, нығайта түсу қазіргі буынның қасиетті борышы деп білемін. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев осы сабақтастықты сақтауға айрықша мән беріп отыр. Бүгін Астанаға сізбен бірге Өзбекстанның көптеген білімді, дарынды жастары келді. Мен мұны жақсы нышанға балаймын. Шән мәнінде, білім мен ізденіске, оқу мен ғылымға құштар елдің болашағы өте зор. Біз бұл бағытта тәжірибе алмасып, ой біріктірсек ортақ жеңістеріміз одан да көп болатыны сөзсіз. Осы орайда өзбек ағайынның ұстанымы мен жетістігі үлкен қызығушылық туғызуда. Сіздер білімге деген құштарлықты жаңа құндылыққа айналдырып келесіздер. Қазір халықаралық деңгейде құрыла бастаған Zakovat ойыны осының айқын дәлелі, - деді Ерлан Қарин.

Саида Мирзиёева қатысушыларға сәттілік тілеп, ақжарды сөзін айтты. 

Бүгін біз өзіміздің үйімізде жүргендей сезімде отырмыз. Себебі біз бір отбасы сияқтымыз. Бізге ортақ дүниелер өте көп. Салт-дәстүр, мәдениет, тағамдар, есімдер, тарих, дін мен қонақжайлылық. Бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның достық қарым-қатынасы бүкіл әлемге үлгі. Біздің лидерлеріміз барлық сұраққа шешім таба білді. Әлемде түрлі қақтығыстар болып жатқан кезде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтың саясаттағы тандемі Орталық Азияны ең қауіпсіз, жанданған және достық аумағына айналдыруға септігі тиді. Бұл жәй ғана сөз емес, соңғы кездері интернетте жазылған қазақстандықтардың өзбекстандық спортшылардың жүлдесіне қалай қуанып жатқанын көруге болады. Ал біздің қолдаушылар қазақстандықтарға да қолдау көрсетіп жатыр. Париж олимпиадасындағы алғашқы алтынды  Қазақстаннан Елдос Сметов пен Өзбекстаннан Диёра Келдиёрова қоржынға байлады, - деді Саида Мирзиёева.

Астанада «Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирі өтті

Сурет: Арман Мухатов 

«Zakovat» интеллектуалды ойындары Өзбекстанда 2001 жылы «Не? Қайда? Қашан?» ойынының ұлттық аналогы ретінде жасалған. «Zakovat» интеллектуалды ойындары мектеп, студенттік және әуесқойлар мен кәсібилер дейгейінде де ұйымдастырылады.

Соңғы 20 жылда «Zakovat» интеллектуалды ойындарының ұйымдастыруымен 500-ден астам ойын өткен. Оған мыңдаған адам қатысып, 25 мыңнан астам сұрақ қойылған.

Астанада «Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирі өтті

Сурет: Арман Мухатов

2023 жылы «Zakovat» интеллектуалды ойындарына 300-ден астам адам қатысты. Zakovat интеллектуалды ойындарының ерекшелігі – қатысушыларға жас айырмашылығына байланысты шектеу не талап қойылмайды. Барлығына бірдей мүмкіндік беріледі.

Zakovat интеллектуалды ойындары – телевизиялық және спорттық бағытта өтеді. Телевизиялық бағыттағы ойындардың авторы қарапайым көрермен болады, себебі қатысушыларға сұрақты көрермен жолдайды. Біз интеллектуалды ойындар арқылы жастардың кітап оқуға, білім алуға қызығушылығын арттыратынымызға сенеміз. Бүгінгі турнир Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқан жоқ . Бұған дейін түрлі ауқымдағы үш шараны қазақ елінде өткіздік. Екі елдің оқушылары, студенттері арасында да турнир өткізілді. Мамыр айында Алматы қаласында Азия интеллектуалды ойындарының екінші ашылуы өткен болатын. Оған 10-нан астам ел қатысты. Қазақстандық жастар да қатысып, бірнеше мәрте жеңіске жетті, - деді ННО зияткерлік бөлімінің меңгерушісі Расулев Саидакром.

Астанада «Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирі өтті

Сурет: Арман Мухатов

«Zakovat» интеллектуалды ойындарына 7 жылдан бері үздіксіз қатысып келе жатқан қазақстандық қатысушы Дәурен Қаупымбаев пікір білдіре кетті.

Аптасына 3-4 рет интеллектуалды ойындарға қатысамын. Жалпы интеллектуалды ойындарға ерте жастан бастап қатысқан дұрыс. Ол адамға жігер мен  күш-қуат береді. Жалпы командалық ойындарға 6 адам қатысады. Әркім өзінің біліктілігі мен білімін тексеріп, шындалады. Жалпы өзбек халқы балаларды, жастарды көбірек интеллектуалды ойындарға тартып жатыр. Бұл үлкен бастама. Жастардың болашағы үшін де оң қадам. Жастар интеллектуалды ойынды қиын деп, қатысуға тартыншақтанады. Бірақ сұрақтар қарапайым, логикаға негізделген. Әр адамның мүмкіндігін шешуге болатын сұрақтар керек, әсіресе қазақ тілінде. Сондықтан алдыға уақытта Қазақстанда да осындай жобалар қалыптасады деп сенемін, - дейді Дәурен Қаупымбаев.  

«Zakovat» интеллектуалды ойындарының турниріне Қазақстан мен Өзбекстанның жастары мен әуесқой қатысушылары қатысып, бақ сынады. 

Астанада «Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирі өтті

Астанада «Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирі өтті

Суреттер: Арман Мухатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға