Астанада үстел теннисінен халықаралық турнир өтеді
ITTF Fa20 Astana para open 2024 үстел теннисі бойынша халықаралық турнир 1-3 наурыз аралығында ADD Table Tennis Center Astana үстел теннисі орталығында өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық турнир тірек-қимыл аппараты зақымданған, сондай-ақ зияткерлік кемістігі бар спортшылар арасында өткізіледі.
Турнирге 19 елден 150-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.
Жарыста Сәуле Айдарханова, Балзия Таш, Александра Степанова, Алтынай Ержанқызы, Гүлмира Қайдасова, Райымбек Жақыпбек, спорт шеберіне кандидат Жанна Алиева, Ринат Гильфанов және Денис Никитин елорданың намысын қорғайды.
ITTF Fa20 Astana para open 2024 – халықаралық рейтингте орын алуға, сондай-ақ спортшылар үшін халықаралық классификация алуға тамаша мүмкіндік. Үстел теннисінде мүгедектік тобына байланысты спортшыларға халықаралық дәреже беріледі. Халықаралық класқа ие бола отырып, спортшы осы класта халықаралық жарыстарда өнер көрсете алады. Мысалы, арбадағы спортшыларға 1-5 класс, тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшыларға 6-10 класс, зияткерлік мүмкіндіктері зақымданған спортшыларға 11 класс беріледі (оның ішінде басқа санаттарға бөлінеді). Бұл турнирге біздің спортшылар алты ай бойы дайындалды. Біз күнделікті жаттығуға 3 сағат уақыт бөлеміз, сонымен қатар жалпы дене шынықтыруға ерекше назар аударамыз. Жаттығу кезінде әр спортшыға жеке ойын әдісі мен техникасы жасалады. Біздің елімізде халықаралық жарыстар өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Біздің спортшылар жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдімін, - деді Астананың үстел теннисінен аға жаттықтырушысы Геннадий Герасименко.
Турнир Қабанбай батыр даңғылы 47/1 мекенжайында орналасқан ADD Table Tennis Center Astana үстел теннисі орталығында өтеді.